«АҚ ЗЕР» ЖИНАҒЫ – АРХИВТЕ
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне суретші, кескіндемеші, график, мәдениетті қолдау Жылы эмблемасының авторы, публицист, ҚР мәдениет қайраткері, Президент стипендиясының иегері Жеңіс Кәкенұлы арнайы келіп, кітапхана қорына «Ақ зер» атты екі томдық кітабын сыйға тартты.
Ж.Кәкенұлы «Сәйгүліктер семантикасы», «Қала көріністері», «Таңбалы тас», «Күміс қауырсын» сынды біршама сериалды суреттер топтамасын салған шебер суретші. Өнер иесінің «Көңілімнің сарасы», «Дидар ғайып», «Көлеңке ұзарғанда». «Құланшы», «Квинтэссенция» сынды атаумен бірнеше жеке көрмесі өткен болатын.
Сыйға берілген «Ақ зер» кітабында қазақ бейнелеу өнерінің өкілдерімен қатар, шетелдік суретшілердің шығармашылығы қамтылған. Сондай-ақ, айтулы зергер, кестеші, кәсіби қолөнер шеберлерінің де жұмыстары тыңғылықты талданып, олардың өнер жолындағы алар орны туралы мәліметтер бар.
Оқырмандар мен суретшілер арасындағы байланыстың кәміл орнығуына қызмет етуді көздеген бұл жинақ жалпы өнерсүйер қауымға арналған.