ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ…

Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві еліміздің тарихи, мәдени және әлеуметтік өмірінің маңызды деректерін сақтайтын мекеме. Қорда мемлекеттік басқару, ғылым, экономика, мәдениет, құқық, әскери іс, білім беру және басқа да салалар бойынша құжаттар мен материалдар сақталған.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар, мекемелер, ғылыми-зерттеу құжаттары, яғни ғылыми жұмыстар, жобалар, зерттеу нәтижелері мен архивтік материалдар, белгілі тұлғалардың жеке өмірі мен қызметін көрсететін материалдар, тарихи оқиғаларға байланысты құжаттар мен фотосуреттер сақталған. Ұлттық архивте сақталған құжаттар ел тарихының әртүрлі кезеңдерін, оның ішінде кеңестік дәуір, тәуелсіздік жылдарындағы кезеңдер мен олармен байланысты оқиғаларды толықтай зерттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, архивтің қорларында шетелдік мұрағаттардан алынған құжаттар мен материалдар да бар. Бұл құжаттар тарихи зерттеулер үшін аса маңызды, себебі олар Қазақстанның сыртқы саясаты мен халықаралық қатынастарын зерделеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Ұлттық архиві қазіргі уақытта еліміздің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтау және зерттеу саласында үлкен рөл атқарады.
Бүгінгі мақалада біз қазақтың көрнекті ғалымы Жағыпар Уәлішерұлы Ахановқа, әсіресе оның «Дамыған социализм жағдайындағы Кеңестік Қазақстан ғылымы (ҚазССР Ғылым академиясы қызметінің тарихы 1956-1970 жж.)» атты тарих ғылымдарының кандидаттық диссертациясына және ғалымның өзге де маңызды еңбектеріне тоқталамыз.
Ж. Аханов 1931 жылдың көктемінде, 8 наурыз күні Сыр бойындағы қасиетті мекен – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Байғақұм ауылында дүние есігін ашты. Сырдың самал желі мен құмды даласының қоңыр тіршілігі оның бала жүрегіне еңбекқорлық пен табандылықтың дәнін ерте септі.
Жасынан зерек болып өскен ол білімге деген құштарлығын өмірлік мұратқа айналдырды. Ғылым жолын таңдаған жас талапкер уақыт өте келе Қазақстанның ғылым тарихын терең зерттеген көрнекті ғалымға айналды.
Ғылыми ізденістегі табандылығы мен парасат-пайымы оны биік белестерге жетеледі. Сөйтіп, ол Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі дәрежесіне дейін көтеріліп, ел ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Оның есімі ғылым әлемінде құрметпен аталып, еңбектері кейінгі буын зерттеушілерге бағдаршам іспетті жол көрсетті.
2011 жылдың 12 ақпанында өмірден озғанымен, ғалымның артында қалған мол мұрасы мен жарқын бейнесі халық жадында сақталып қалды. Оның ғибратты ғұмыры – ғылымға адалдықтың, ізденіске деген шексіз махаббаттың айқын көрінісі.
Ж. Аханов Қазақстан ғылымының қалыптасу тарихын зерттеп, ғылыми мекемелердің даму процесін жүйелі түрде жазды. Ол өз өмірінде бірқатар маңызды қызметтер атқарып, ғылым мен техника тарихы бойынша бірнеше іргелі еңбектер қалдырған маман. Тарих ғылымдарының кандидаты, ғылым және техника тарихы жөніндегі комиссияның ғылыми хатшысы қызметін атқарды. Қазақстандағы ғылым мен техника тарихын зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі.
Еңбектерін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің №36/118 қорынан зерттеп көрдік.
Алдымен білім жолына тоқтала кетейік. Ол 1950 жылы Алматыдағы «14 жыл Октябрь» атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1950-1953 жылдары Алматы заң институтында оқыды. Кейін 1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде білім алған. Аханов педагогикалық және партиялық қызметтерде жұмыс істегеннен кейін, 1968 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы президиумының бірінші бөлімін басқарды. 1972 жылдан бастап ол Қазақстан Ғылым академиясы жанындағы ғылым мен техника тарихы жөніндегі комиссияның ғылыми хатшысы дәрежесіне ие болды.
1983 жылы «Дамыған социализм жағдайындағы Кеңестік Қазақстан ғылымы (ҚазССР Ғылым академиясы қызметінің тарихы 1956-1970 жж.)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, осы саланың Қазақстан үшін маңызды екенін түсіне келе, ғылым мен техника тарихын зерттеуге жүйелі түрде бет бұрды. Ол ғылым әлеміне, ғылыми қоғамдастыққа көптеген маңызды еңбектер мен мақалалар ұсынды.
Оның белгілі еңбектерін атап өтсек, «Сәтбаев К.И. Ғылым мен мәдениет
туралы таңдамалы мақалалары», «Қазақстан Ғылым академиясының 50жылдығына арналғанэнциклопедиялық анықтамалық», «Қазақстандағы ғылыми мекемелердің тарихына арналған шолулар мен буклеттер» сынды еңбектеріне ерекше назар аударуға болады.
Жалпы алғанда Ж. Аханов 80-нен астам ғылыми мақалалар мен еңбектер жариялады. Оның зерттеулері Қазақстан ғылымы мен техникасын дамытуға қосқан елеулі үлес болып табылады. Сонымен қатар, Аханов академик Қаныш Сәтбаевтың мұрасын зерттеп, алғашқылардың бірі болып «Сәтбаев оқуларын» ұйымдастырған, бұл іс-шара ғалымдардың ғылымға қосқан үлесін насихаттау мен түсіну тұрғысынан үлкен маңызға ие болды. Тағы «У истоков науки Советского Казахстана», «Из опыта руководства партийных организаций республики подготовкой научных кадров», «О 250-летии Академии наук», «Комплектование академических архивов социалистических стран», «Казахская база Академии наук СССР», «Казахский филиал Академии наук СССР», «Вестник Академии наук Казахской ССР», «Известия Академии наук Казахской ССР в 6 сериях», «Издательство «Наука», «Гылым» Казахской ССР», «Успехи ученых Академии наук Казахстана» және т.б. еңбектері болғанын атап өту керек.
Сонымен қатар 1969-1990 жылдар аралығындағы Ахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы фотосуреттері мен фотоқұжаттары бар.
Жалпы ғалымның ғылыми мұрасы мен жеке құжаттары бүгінгі таңда Қазақстан Ұлттық архивінде сақталып, ғалымдар мен зерттеушілер үшін құнды дереккөз болып табылады. Ахановтың зерттеулері мен жарияланымдары, әсіресе Қазақстан ғылымының тарихы мен институтционалдық дамуы туралы қызығушылық танытқан мұрағатшылар мен тарихшылар үшін үлкен мәнге ие.
Мысалы, құжаттарды зерттей келе мені таңдандырған жайт, тіркеу нөмірі 4564-құжатта Ж.Ахановтың Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргенде алған дипломының қосымшасында екі бірдей «3» деген баға бар екен. Қызылорда облысының ауылынан шыққан ғалым, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті тарихынан орташа баға алуы түсініксіз жайт.
Осы орайда тарихқа тоқталсақ. Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңдерінде, әсіресе 1920-1930 жылдары, қазақ тілінің дамуына қарсы жүргізілген саясат пен саясаткерлердің ұлтшылдыққа қарсы тұруы қазақ интеллигенциясын шектеулерге ұшыратты. Ғылыми жұмыстар көбінесе орыс тілінде жазылып, қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулер, басылымдар өте аз болды. Қазақ тілінің ғылыми коммуникация тілі ретінде дамуына кедергілер болды, ал қазақ тілінде жазылған ғылыми жұмыстар сирек оқылып, көп жағдайда қабылданбады.
Сондай-ақ, 1940-50 жылдарға дейінгі кезеңде Қазақстанда Ғылым академиясы құрылып, ғылым саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақ ССР Ғылым академиясының құрылуы ғалымдардың жұмыс жасауына жаңа мүмкіндіктер туғызды, алайда бұл кезеңде де идеологиялық шектеулер мен орталықтан басқару мәселесі болғанын ескеру керек. Қазақ ғалымдары өздерін «Кеңес одағынан бөлек» көруге тырысқанымен, оларды идеологиялық тұрғыдан қадағалап, ғылыми зерттеулердің көптеген салалары тек партиялық нұсқаулар мен бағыттар бойынша жүргізілді.
Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда ғылым мен білім беру жүйесі шамадан тыс орталықтандырылған болды және республиканың көп бөлігінде ғылым мен білімнің даму деңгейі Ресей және басқа кеңестік республикаларға қарағанда төменірек еді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде және шалғай аймақтарда анық байқалды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер көбінесе орыс тілінде жүргізіліп, қазақ ғалымдарының жұмыстары жиі елеусіз қалып отырды.
Алайда, сол кезеңде қазақ мәдениетінің жаңғыруына да белгілі бір үлес қосылды. Мысалы, қазақ халқының тарихы, мәдениеті және әдебиеті туралы көптеген зерттеулер жүргізілді. Кеңес үкіметінің идеологиялық шектеулері мен репрессияларына қарамастан, қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері ұлттық құндылықтарды сақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізуге тырысты. 1960-70 жылдары қазақтың көрнекті ғалымдары, жазушылары мен әдебиеттанушылары Кеңес одағында танымал бола бастады.
Жаңа айтып өткенімдей, қылышынан қан тамған Кеңес дәуірі ғалымның өз ана тілі мен тарихына деген құрметін «3» деген бағамен төмендеткенін осы саясаттан көруге болады.
Жоғарыда тілге тиек еткен Ахановтың ғылыми диссертациясы қорытындысы мен әдебиет тізімін қоспағанда екі тараудан тұрады. Бірінші тарау тарих, Советтік Қазақстанда ғылымның дамуы, Ғылым Академиясының ғылыми орталығы, оның құрамы, динамикасы және ғылым кадрларын дайындау туралы жазылған.
Ал екінші тарауда негізгі бағыттар мен ғылым нәтиже қорытындылары, дамуы, прогресс, СССР ғылым Академиясының халықаралық қатынастар туралы және т.б. зерттелген.
Енді осы тақырыптар арасында мені қызықтырған тарау — ғылым кадрларын дайындау туралы болмақ.
Кез келген мекеме, ел, мемлекет қандай нәрсе болмасын ең әуелі білімді, білікті кадрларға байланысты. Ал ғылым саласында бұл тіптен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деді Әл-Фараби. Ал ғылым саласы, ғалымдар бір ел, мемлекет болашағына еңбек ететін мамандар, ғалымдар. Яғни, ғылыми қызметкерлердің біліктілігіне байланысты. Белгілі бір ғылыми-зерттеу мекемесінің беделі оның мамандары өзекті мәселелерді қаншалықты кәсіби деңгейде шеше алатынымен айқындалады. Ж.Аханов та осыны ғылыми еңбектерінде жазған.
Ғылым кадрларын даярлау, іріктеу және орналастыру жұмысы 1967 жылғы 16 қарашадағы КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды іріктеу мен даярлауды одан әрі жақсарту шаралары туралы қаулысына сәйкес орындалған.
Қазақ КСР Орталық Комитеті, облыстық, қалалық және аудандық партия комитеттері бұл мәселелерді үнемі қарастырып, нақты шешімдер қабылдауға келіскен. Республикадағы партия-кеңес және басқа ұйымдардың өкілдері ғылымның жалпы даму мәселелерін де, білікті мамандар мен ғылыми қызметкерлерді даярлау мәселелерін де талқылауға тікелей қатысты. Мысалы, 1961–1965 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылым докторлары мен кандидаттарының санын арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы есебі Орталық Комитетте тыңдалып, талқыланған. Онда ғылым әлдеқашан ғалымдардың қызмет алаңы, пікірталас орны болудан қалған. Сол кезеңдегі жаңа жаңалықтар, әдетте, үлкен шығармашылық ұжымдардың күшімен жүзеге асуда. Ғылым дамуының тағы бір ерекшелігі – жаңа ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындалуы, өйткені олардың нәтижелерін халық шаруашылығында жылдам әрі тиімді пайдалану талап етілген.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кей елдерде ғылыми қызметкерлер саны шамамен әр 10 жыл сайын екі есе өсіп отырды. Мәселен, 1960 жылға қарай олардың саны 1950 жылмен салыстырғанда екі еседен аса көбейді, ал кейінгі бес жылда, 1960–1965 жылдар аралығында тағы да екі есеге артты. Қазақ КСР Ғылым академиясында да қызметкерлер саны үнемі өсіп отырған: 1959–1965 жылдар аралығындағы жеті жылда ол 3100 адамға көбейіп, тағы да екі есеге жетті. Егер 6 ғылыми-зерттеу институтының және бірнеше зертханалық базалардың 1700 қызметкері түрлі ведомстволарға ауыспағанда, бұл өсім одан да айқынырақ болар еді, дейді автор.
Ғылыми қызметкерлер санының артуы ел бойынша жалпы байқалған үрдісті, сондай-ақ одақтас республикаларға тән белгіні көрсетті. Мәселен, 1960 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы 14 одақтас республиканың ғылыми қызметкерлерінің орташа жылдық саны мынадай болды, Украинада — 194,6%, Белоруссияда — 200,2%, Қазақ КСР-інде — 164,42%, ал басқа республикаларда 170, 2% құраған.
Ғылыми қызметкерлердің жалпы құрамынан ғылыми мәселелерді шешуді басқаратын ғылым докторлары мен кандидаттарын ерекше атап өткен жөн. Дәл осы ғалымдар тобы Ғылым академиясының зерттеу ауқымын, теориялық деңгейін және тиімділігін айқындаған. Коммунистік партия мен кеңес үкіметі жоғары білікті кадрларды, ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлауға зор мән берді. Бұл міндеттің табысты шешілуі үшін барлық жағдай жасады.
Қазақ КСР Ғылым академиясы үнемі ғылым докторлары мен кандидаттарымен толықтырылып отырды. Мұнда ғылымның әр саласы бойынша ұлттық жоғары білікті кадрлар даярланды. Бұл партия мен кеңес мемлекеті жүргізген ұлттық саясаттың өміршеңдігін тағы бір рет көрсетті.
Академия штатында 98 ғылым докторы және 754 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Олардың ішінде қазақтар 40%, яғни 235 адамды немесе жас ғылым кандидаттарының 31%-ын құрады. 1963 жылы қазақтардың үлесі 43% болса, 1967 жылы бұл көрсеткіш 53%-ға жетті.
Бір өкініштісі, сол заманда ықтималдық теориясы, математикалық статистика, кибернетика, есептеу математикасы, теориялық физика, радиофизика, полимерлер физикасы мен механикасы сияқты аса маңызды ғылыми бағыттар бойынша ғылым докторлары мүлде болмады. Мүмкін осы ғылымдарға соғыстан кейінгі елдегі ауыр жағдай әрес еткен шығар?! Осы жағдайды зерттеу топтарын құрып, білікті басшылықпен қамтамасыз ету күрделі мәселеге айналды. Бұл жайт Академия мен оның Президиумы назарынан тыс қалмады. Қажетті шаралар белсенді түрде қабылданды.
1968 жылдың басында физика-математика ғылымдары бөлімінде бар болғаны бір ғылым докторы еді. Сондай-ақ 1962 жылы Ғалам және жер ғылымдары бөлімінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметкерлер саны да аз болыпты. 1965 жылмен салыстырғанда ғылым докторларының үлесі мен ғылыми-көмекші қызметкерлердің жалпы саны біршама төмендеген.
Социализмнің маңызды жетістіктерінің бірі ұлттық ғылыми кадрларды даярлау еді. Өйткені революцияға дейін бұл өлкеде бірде-бір жоғары оқу орны да, тұрақты ғылыми-зерттеу мекемесі де, тіпті жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан бірде-бір ғалым да болмаған. Кеңес дәуірі мен Лениндік ұлттық саясаттың арқасында қазақтар арасынан тұтас ғылыми қызметкерлер шоғыры қалыптасып, дамыды.
Осы орайда, диссертация басында жазылған В. И. Лениннің «наука у нас не оставалась мертвой буквой или модной фразой… чтобы наука действительно входила в плоть и кровь, превращалась в составной элемент быта вполне и настоящим образом» деген сөзін еске түсіргім келеді.
КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі 1961 жылы Академия ғылымдарының қызметіне арналған жиналыстың бірінде, одақтас республикаларда ғылымның қарқынды дамып, ұлттық ғылыми кадрлардың өскенін, кең ғылыми-зерттеу мекемелері желісінің жасалғанын атап өтті. Шын мәнінде, ұлттық ғылыми кадрларды даярлау қарқыны жыл сайын артып отырды. Мысалы, 1966 жылы ғылыми қызметкер-қазақтардың саны 1960 жылғы 2064 адамнан 4732 адамға дейін өсті.
Республикадағы ғылыми қызметкерлердің ұлттық құрамы кеңестік халықтың интернационалдық немесе достық бірлігін көрсетті. Олардың арасында республикада тұратын барлық ұлт өкілдері бар, соның ішінде саны аздары ингуштар, балқарлар, қалмақтар, ұйғырлар, күрдтер және басқалар болатын.
Партия бағдарламасы барлық ұлттар мен одақтас республикалардың экономикасы мен мәдениетін одан әрі дамыту міндетін алға қойды. Оның бағдарламасы СССР халықтарының социалистік мәдениетін жан-жақты өркендетуді көздеген. Ұлттық ғылыми кадрларды жедел даярлау міндеті, социалистік ұлттардың мәдени деңгейін көтеруді, теңестіруді мақсат еткен Коммунистік партия ұлттық саясатты жақсы ұстады.
Қазақстан Ғылым академиясы өзінің мәртебесіне сәйкес ұлттық кадрларды даярлауда жетекші рөл атқарады және атқаруы тиіс болатын. Осы бағытта академия елеулі жұмыс жүргізеді. Егер 1956 жылы академия аспиранттарының арасында қазақтардың үлесі 30% болса, 1960 жылы, 1 қазанға қарағанда, бұл көрсеткіш 66%-ға жеткен. Орта есеппен 40% болды. Сонымен қатар, салыстырмалы түрде жақсы көрінетін орташа статистика артында кейбір ғылыми мекемелерде жергілікті ұлт өкілдерінен кадрлар даярлауға бағытталған жұмыс жасалып келгені де байқалды. Бұл соңғы жылдары Ғылым академиясы Президиумының бірқатар құжат, шешімдерінде көрсетілген.
Жас ғылыми кадрларды даярлауда және қазақ халқына шын жүректен берілген кең көмек айқын көрінді. Бірінші кезекте орыс ғалымдарының, олардың ішінде СССР Ғылым академиясының жетекші ғылыми мекемелерінде жұмыс істейтіндер мен Қазақстандағы ғалымдар маңызды рөл атқарды. Көптеген ғалымдар Республика академиясының мекемелерінде қызмет ете отырып, тек басты ғылыми мәселелерді басқарумен ғана шектелмей, шығармашылық ұжымдардың жұмысын басқарып, оларға өздерінің кең білімдері мен білікті кеңестерімен көмектескен. Сонымен қатар, олар жергілікті ұлт өкілдерінен жасалған жас ғалымдар тобын да дайындады. Мысалы, академик А.П.Полосухин бірнеше ғылым докторын, оның ішінде үш қазақты, және 30-дан астам ғылым кандидатын даярлады, олардың басым бөлігі жергілікті ұлт өкілдері болды. Ал академик К.П.Персидский респбликаға 30 жас ғалымды, 2 ғылым докторын, оның ішінде 28 қазақ ұлтынан болған. Осылай қазақ ұлтынан шыққан ғалымдар саны көбейе береді.
Дегенмен, кадрларды іріктеу кезінде кейбір кемшіліктер орын алғаны жасырын емес. Мысалы кейбір ғылыми мекемелерде ғылыми қызметкерлерді қайта сайлау мерзімдері бұзылса, жаңа мерзімге 253 адам немесе 65% қайта сайланған. Әсіресе ядролық физика және экономика институттарындағы жаңа бағыттар бойынша конкурс өткізі уақыттары жиі бұзылған. Өндірісте жаңа техника дамуы мен осыған байланысты салаларда кадр тапшылығы айқын сезілген.
КПСС 28-съезінде Л.Брежнев совет ғылымының жетістіктері елеулі екенін айтса да, ғылыми мекемелердің қызметінде маңызды кемшіліктер бар екенін атап өткен. Оның сөзінше, қазір құпия емес, кейбір ғылыми қызметкерлер әлі күнге дейін іс жүзінде елдің тікелей практикалық қажеттілігін өтемеді, ғылым дамуының шынайы мақсатынан алыстап кетті, өзге істермен айналысып жүргені белгілі. Кейде жұмыста «босқа» жүретіні де белгілі. Бұны бұлай қалдыруға болмайды. Ғылыми қызметке кадрларды іріктеу кезінде талапты күшейту керек.
Әр ғылыми ұжымда шынайы шығармашылық ахуал, батыл ізденіс, пікірталастар және шығармашылық талғампаздық атмосферасы болуы заңдылық. КПСС 28-съезінің шешімі ғылыми мекемелер мен университеттердің партия жиналыстарында талқыланды. Республикадағы барлық ғылыми мекемелер мен университеттерде Ғылым академиясы тарапынан ғылыми жұмыстардың, соның ішінде ғылыми кадрларды даярлаудың бесжылдық жоспарлары жасалған. КПСС 28-съезінің шешіміне сүйене отырып, республиканың партия ұйымдары жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлаудың деңгейін одан әрі көтергені бар-тын.
Қазақ ғылымы өзінің қалыптасуы мен дамуы барысында үлкен жолдан өтті. Кеңестік кезеңде ұлттық кадрларды даярлау, ғылыми-зерттеу институттарының құрылуы, жаңа бағыттардағы зерттеулердің дамуы арқылы қазақ ғылымы елеулі жетістіктерге жетті. Ғалымдардың еңбегі ғылыми білімнің дамуына, халық шаруашылығы мен мәдениеттің өркендеуіне ықпал етті. Бүгінде қазақ ғылымы кешенді сипатқа ие болып, жаңа технологиялар мен зерттеулер арқылы халықаралық деңгейде өзін көрсете бастады. Ғылымның әр саласында ұлттық кадрлардың рөлі өсіп, ұлттық және әлемдік ғылыми қоғамдастықта беделіміз артуда.
Осы зерттеу жұмысынан аңғарғанымыздай, қазақ ғылымының болашағы оның өміршеңдігімен, жоғары білікті мамандардың қалыптасуымен, жүйелі зерттеу дәстүрінің сақталуымен және тынымсыз шығармашылық ізденіспен тығыз байланысты. Ғылым жолында аянбай еңбек еткен қазақтың көрнекті ғалымы Жағыпар Уәлішерұлы Аханов сынды тұлғалардың еңбегі ұлт руханиятының асыл қазынасына айналды. Мұндай ел ағаларының есімі халық жадында мәңгі сақталып, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейте береді. Осындай дара тұлғалардың ізгі жолы мен тағылымды еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, елдің өркендеуіне, ғылымның алға басуына жол ашады.
Сәния Маметова,
ҚР Ұлттық архивінің қызметкері, PhD
Кілт сөздер: Қазақ ғылымы, Жағыпар Уәлішерұлы Аханов, ұлттық кадрлар, ғылыми зерттеулер академиялық құрылым, ғылымның дамуы
Пайдаланылған әдебиеттер:
- ҚР Ұлттық архиві №213 жеке қор, 1 тізімдеме, 1 іс.
- ҚР Ұлттық архиві №213 жеке қор, 1 тізімдеме, 2 іс.
- Қ Р Ұлттық архиві №213 жеке қор, 1 тізімдеме, 4 іс.
- Қ Р Ұлттық архиві №213 жеке қор, 1 тізімдеме, 8 іс.
- Қ Р Ұлттық архиві №213 жеке қор, 1 тізімдеме, 33 іс.


