ҚР Ұлттық архиві мен «Preservation Technologies», L.P. (PTLP) компаниясы өкілдерінің ресми кездесуі

2025 жылғы 22 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы «Preservation Technologies», L.P. (PTLP) компаниясының өкілі Гокал Радж мырзамен ресми кездесу өткізді.
Preservation Technologies, L.P. – кітапханалар мен архивтер үшін мәдени мұраларды сақтау саласында әлемге танымал жетекші компания. Компания қағаз құжаттарды, кітаптарды және өзге де архивтік материалдарды ұзақ мерзімге сақтау мақсатында инновациялық шешімдер әзірлеумен айналысады. PTLP – қағазды бейқышқылдандыруға арналған Bookkeeper®️ технологиясының әзірлеушісі және иесі болып табылады. Бұл әдіс құжаттардың химиялық құрылымын тұрақтандырып, олардың тозуын баяулатады және ғасырлар бойы сақталуын қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында тараптар архивтік құжаттарды ұзақ мерзімді сақтау, оларды бейқышқылдандыру және қалпына келтіру мәселелерін талқылады. Гокал Радж мырза Bookkeeper®️ технологиясын таныстырып, халықаралық архив ісіндегі тәжірибемен бөлісті. Бұл әдіс тарихи және мәдени құндылығы жоғары құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуде тиімді құрал ретінде бағаланды.
Өз кезегінде С.Е. Нұрланова ҚР Ұлттық архивінде құжаттарды сақтау, қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Мәдени-тарихи мұраны сақтау ісіндегі маңызын атап өтіп, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – басты міндет екенін атап өтті.
Бұл кездесу халықаралық тәжірибені қолдана отырып, Қазақстандағы архив ісін дамытуға, құжаттарды сақтау технологияларын жетілдіруге ықпал ететін маңызды қадам болды.