Ғалым мұрасы: Марғұлан еңбектері құнды құжаттармен толықты

Қазақстанның гуманитарлық ғылымының дамуына, жалпы дүниетанымды зерттеуге аса үлкен үлес қосқан, атақ-даңқы әлемнің көрнекті археологтары мен этнографтарының есімдерімен қатар тұрған Әлкей Хаканұлы Марғұланның Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіндегі жеке қоры (№ 195) жаңа құжаттармен толықты. Бұған дейін Ә.Марғұланның қызы Данел Әлкейқызы 2010 жылы әкесінің жалпы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты құжаттарын тапсырған болатын. Ол құжаттар 1726-1998 жылдар аралығын қамтитын 259 іс (шамамен 29367 беттен тұратын) болып қабылданған болатын. Бұл жолы ғалымның әр жылдары жасаған зерттеу жұмыстары барысындағы түсірілімдері яғни негатив форматтағы (пленка) фотоқұжаттары қабылданды. Құжаттар 1942-1974 жылдар аралығын қамтитын 10200 (кадр) беттен тұратын аса құнды түпнұсқа материалдар болып табылады. Марғұланның еңбектері сан-алуан тақырыптарды қамтитыны бәрімізге мәлім. Әрбір ғылыми жұмысы, ашқан жаңалығы үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесінде мол мұра дерек жинап, әрбір тұжырымын нақты дәлелдерге сүйеніп, қазақ ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. Яғни археология, этнография, фольклор, әдебиеттану, тарих салаларының ғылыми, монографиялық еңбектерінде пайдаланған мұралары.
Архивке келіп түскен фотоқұжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Негатив форматтағы құжаттарды бұрын тез қарауға мүмкіндік бола бермейтін. Арнайы орталықтардың көмегіне жүгінетін едік. Қазір түрлі техникаларды қолдана отырып, кез-келген форматтағы құжатты түрлі-түсті етіп көшіріп алуға, басып шығаруға және тез қарауға мүмкіндік бар. Ұлы ғалымға тиесілі құжаттарды арнайы аппараттың көмегімен бір-бірлеп қарап шықтық. Құжаттардың сапасы орташа сақталған. Әрбір түсірілім қай жылы, қай өңірде, қандай аймақтарда түсірілгені бойынша пленка сыртына оралған қағазға ғалым өз қолымен ақпараттарын түртіп отырған. Сол үшін де құжаттарға тізімдеме жасау кезінде ол ақпараттар көп көмегін тигізді. Әрбір оралған қағаздың ішіндегі пленкалар әртүрлі көлемде салынған. Яғни 2 дана, 4 дана, 26 дана, 36 дана, тіпті 290-300 кадрлық пленкалар болды. Пленкаларға жасалған ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарының нәтижесінде бұлар қолданысқа енген құжаттар деп топшыладық. Дегенмен, бұған дейін жарық көрген кітаптарда археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты суреттердің біршама нұсқалары жарияланған болса, мұнда сол суреттердің негатив форматта бес-алты нұсқасының бар екенін білдік. Жалпы құжаттар Орталық Қазақстан Беғазы-Дәндібай мәдениеті; Андронов мәдениетіне қатысты; әртүрлі архивтерден алынған ескі құжаттардың фотолары; Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасынан алынған құжаттар; КСРО Орталық мемлекеттік тарих архивінен алынған материалдары (Машһүр Жүсіп шығармалары, Қозы-Көрпеш қиссасы, Абай термесі, т.б.); В.И. Ленин атындағы Ресей мемлекеттік кітапханасынан алынған (Г.Н.Потанин, В.Д.Смирнов) құжаттар; Алматы, Қарағанды, Шымкент т.б. музейлерде түсірілген құжаттар; Жошы хан кесенесінің 1949 жылғы түсірілімі; Сайрам кесенелерінің бөлшектері;
Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция материалдары (Үшқызыл, Қарабие, Аягөз, Бытығай т.б); Қарағанды облысы Шет ауданы, Жамбай-Қарасу өзенінің аңғары № 2 Андронов қорымы; Шет ауданы Байбала ауылында орналасқан қорымның Сақина қоршауы бар 1-қорған жоспары (Байбала І, ІІ, ІІІ); Кеңгір өзенінің жағалауындағы көне қоныстардың ізі, мазарлар бойынша; Қола дәуірі Айбас-Дарасы қорымындағы экспедиция материалдары; Нұра өзенінің бойындағы тарихи орындар (жартас, тас құралдар), ескерткіштер; Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылының солтүстігіндегі мазарлар, қазба жұмыстары; Ақсу-Аюлы өзен алқабындағы Андронов қонысының жоспары; Бұғұлы тауының алқабы, Шопа өзенінің аңғарындағы қорғандар, тас мазарлар, меңгірлер, тас жәшіктер; Бұғылы тауының шыңдары, қазба алдындағы қорғанның көрінісі; Қой тастар, Кесене бөлшектері; құрылыс орындары, керамикалық бұйымдар, қола инелер (Бұғұлы І, ІІ, ІІІ); Атасу өзені Ақсай аңғарындағы қорғандардан табылған мұртты биік тас мүсіндер, Айшырақ қорымы; Баянауыл ауданы Жұмыртқалы көлі маңынан табылған Балбал тас мүсіндері; Ұлытау ауданы Бозбайтал қорғандары; Қарқаралы ауданынан табылған тас мүсіндер, археологиялық қазбалар, Бесоба тізбектері сол орындардан тапқан әртүрлі құнды жәдігерлердің суреттері, тағы басқа көптеген зерттеу жұмыстарында түсірілген фотоқұжаттары болды.
Біз үшін бұл құжаттардың ішінде ең маңызды болғаны — Әлкей Марғұланның түрлі қазба жұмыстары кезіндегі өте сирек кездесетін фотолары, экспедиция жасап жатқан жерге жақын ауылдардың, экпедиция жұмыстарына қатысқан студенттердің фотолары болды. Сол студенттерден қазіргі күнге дейін кім бар, кімдер қатысты, болашақ ғалымдар үшін әрбір түсірілім таптырмас құрал деп ойлаймыз. Сол кезде жұмысқа тартылған техниканың Газ-50, ДТ-75 Трактор, Уаз-469 секілді түрлерін фотолардан байқауға болады.
Айта кетерлігі Әлкей Марғұлан суретке түсуге қатты әуес болмаған секілді. Өйткені 30- ға жуық фотоларын реттеп алып, барлығын салыстырдық. Арнайы, көпшілікпен түскен фотоларына назар аударар болсаңыз, көбінде төмен қарап құдды терең ойға шомылғандай немесе бір жағына қарай бұрылып қалған бейнелері көп кездеседі. Тіпті желіде жарияланған суреттерінде де суретшіге тіке қараған фотолары тым сирек екен. Бұл көпшіліктің байқай бермейтін Ә. Марғұланның ерекшелігі деп түсіндік.
Фотоқұжаттардың (негатив) саны өте көп болғандықтан олардың бір бөлігі жақсы сақталған, тағы бір шамасының сапасы орташа деңгейде деп бағалауға болады. Алдағы уақытта бұл құжаттардың барлығын электрондық нұсқаға көшіру жоспарланып отыр. Сонымен бұл жолы аталған құжаттар 58 іс, 10200 (кадр) беттен тұратын аса құнды түпнұсқа құжаттар болып жинақталды.
Тағы бір айта кететін дүние, жоғарыда аталған фотоқұжаттарға қоса шамамен 1950-1960 жылдар аралығында түсірілген ақ-қара түсті позитив форматтағы үнсіз екі киноқұжаттардың түпнұсқасы бар. Бұл видео фотоқұжаттардан да жоғары ерекше атмосфераны көрсетеді. Экспедиция кезіндегі түсірілім. Видео арнайы түсірілген бейне құжатқа жатпайды, әуесқой түсірілім деп қарастыруға болады.
Бұл құжаттар — № 195 қордың 2-ші және 3-ші тізімдемесін құрайтын кино-фотоқұжаттар болса, енді 1-ші тізімдемеге кірген ғалымның қазақ халқының тарихына қатысты біршама мақалаларына тоқталып кеткенді жөн санадық. Олардың ішінде ғалымның сақтар, үйсін мен қаңлы, ғұндардың мал шаруашылығына, мал өсіруге қатысты мақалалары бар. Қазақтың бабалары мал өсіруді ерекше жақсы меңгергені тарихтан белгілі. Жоғарыда аталған тайпалардың мал өсіру кәсібі, мал шаруашылығы сол қалпында қазақтарға ауысқандай. Ойсыл Қара түйелердің тәңірісі, жылқыны көбейтуді қолдайтын Қамбар ата, сиырдікі Зеңгі баба, қойдікі – Шопан ата. Ә. Марғұлан өзінің мақаласында бұған дәлел ретінде қазақтардың тілек айтқан ойларын келтіреді: «Ойсыл Қара, оңдай гөр, Қамбар ата қолдай гөр, Зеңгі баба жарылғай гөр, Шопан ата байыта гөр» — деген мысалдарды келтіріп отырған. Бұл мал көбейту иелерінің шыққан, тараған жері – Жетісу, Қарағұрт тауы, Қаратау, Сарыарқа, Арал, Каспий теңіздерінің жағасы, Ертіс бойы, Алтай, Тарбағатай таулары. Тарихқа көз жүгіртсек, мал өсіру топан суы біткен соң, неолит, қола дәуірінің кезінде күшейе бастады. Ә. Марғұланның қазақ аңыздарына сүйене отырып жазғанына қарағанда, бүкіл дүниені топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемесі Алатаудың бір бөлігі Қазығұрттың басына келіп тоқтайды. Нұхтан қалған жеті ботамен бірге Қазығұрттың басында көп құлындар ойнап, одан Қамбар ата шығады, ақ қошақандарға Шопан ата ие болады, сиырға Зеңгі ата қолдаушы болады. Малдың шығуын қазақтар аңызға айналдырып, «Жылқы — желден», «Түйе — сордан», «Сиыр — судан», «қой — ауадан» деп жырлаған. Ғұндардың ең жақсы көрген түлігінің бірі – түйе. Түйенің алыбы, Ойсыл Қараның туған жері Жетісу, Қазығұрт тауы, Қаратау. Оның сәулетті бейнесін тас оюшылар осы өлкелерде тасқа түсіріп кеткен. Түйенің аса көп тараған жері Арал мен Каспий теңізінің жағасы. Ойсыл Қараны тек қоладан жасаған мүсінмен құймай, оны таудағы қия тастарға сурет етіп түсіріп отырған. Сондай Ойсыл Қараның бір суреті Қаратауда, бірі Хан тауында, кейбіреулері Буланты өзенінің бойында сақталып келген.
Қорыта айтқанда, Ә.Марғұлан ежелгі және ортағасырлық қазақ даласының археологиясын, көне түркі мәдениетін, қазақтың әдеби-рухани (Абай, Ш.Уалиханов) мәдениетін зерттеп, қазақ тарихының тереңдігін көрсете білді. Осы сынды мақалаларының қолжазба нұсқалары, негатив форматтағы фотоқұжаттары қазіргі таңда ҚР Ұлттық архивінің алтын қорында сақтаулы. Әрбір суреттегі ақпарат, әрбір сақталған Ә. Марғұлан мұралары болашақ ғалымдар мен студенттер үшін де маңызы зор. Ә. Марғұланның мұралары – қазақ тарихы үшін, қазақ халқы үшін баға жетпес, құнды дүниелер. Сол себептен, оның мұраларын халыққа насихаттау, зерттеу – алдағы күннің міндеті. Қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын жалғап тұрған рухани көпір.
Наргиза Қосбармақ
ҚР Ұлттық архиві
Жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкері
Кілт сөздер: Әлкей Марғұлан, ғалым, зерттеулер, тарих, археология, этнография.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві» РММ (әрі қарай – ҚР ҰА). Әлкей Хақанұлы Марғұланның № 195 жеке қоры. Тізімдеме 2, 3.
- ҚР ҰА. № 195 қор. Тізімдеме 1. Іс 26.
- ҚР ҰА. № 195 қор. Тізімдеме 1. Іс 24.
- А.Х.Маргулан «Бегазы-Дандыбаевская культура центрального Казахстана» Алма-Ата 1979.


