Ермекғали Серікбайұлы

Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері 1914 жылы 13 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында дүниеге келген.
1942 жылдың ақпан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Алдымен 6 ай шамасында Кеңес Армиясының саяси қызметкерлерді даярлау курсында оқып, кейін майданға саяси қызметкер ретінде қатысқан. Майданда жүріп артбатарея комиссары, артполк партбюросының хатшысы, артдивизион командирінің саяси қызметтерде орынбасарлық т.б. қызметін атқарған. Ұлы Отан соғысы кезінде Сталинград, Орталық, І Украина, ІІ және ІІІ Беларуссия майдандарының, жеңіл артиллериялық полк Кутузовтың 206 гвардиялық Қызыл Ту орденінің, 3 гвардиялық Бахмач-Киев жеңіл артиллериялық бригадасының, Жоғарғы Бас қолбасшылық резервінің 1-гвардиялық Глухов артдивизиясының құрамының алғы шебінде жауға қарсы шайқасып қалаларды азат етуге қатысқан.
ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктері үшін Ермекғали Серікбайұлы «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері және т.б. медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда Ермекғали Серікбайұлының өмірі мен еңбектері жинақталып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған.