Поэзия падишасының қоры құнды қолжазбалармен толықты

ҚР Ұлттық архивінің жеке қор иесі, Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын, «Құрмет белгісі», «Парасат ордені» иегері Фариза Оңғарсынованың жеке қоры бүгін тағы да құнды қолжазбалармен толықты.
Ақынның еңбектері бұған дейін де ҚР Ұлттық архивіне ресми түрде тапсырылып, 2024 жылы арнайы іс-шара өтіп, салтанатты түрде ашылған болатын. Бұл жолы Алматы қаласынан ақынның 1965 жылдан бастап жазылған төрт қорап қолжазбалары мен машинкада терілген нұсқалары жеткізіліп, құжаттық мұралар қорын толықтырды.
Ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов анасының архивтік құжаттарын өз қолымен табыстап, болашақ ұрпаққа төл мұраның толық жетуі мен ұлт игілігіне айналуына мүдделі екенін жеткізді.
«Архивке тапсырылған құжаттар 50-60-70 жылдардағы анамның өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбалардан тұрады. Қазіргі кезде 50-ге жуық кітабы жарық көргені белгілі. Анам барлық шығармасын жазу машинкасымен емес қолмен жазып, баспаға ұсынатын. Архивке тапсырылған қолжазбалар арасында «Шілде», «Дауа» сияқты тағы да басқа кітаптардың түпнұсқалары бар. Өткен жылы 85 жылдық мерейтой аясында да 50-ге жуық мұраны тапсырғанбыз. Ақынның өмір жолы мен еңбегіне қатысты құжаттарды жинақтап, кезең-кезеңімен архивке өткізіп, қорды толықтырып отырмыз. Бұл дүниелер ғалымдар, студенттер және ойлы оқырмандар үшін құнды боларына сенемін», – деді Алмас Оңғарсынов.
Бұл баға жетпес мұралар ақын шығармашылығын терең зерттеуге, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп насихаттауға зор мүмкіндік береді. Ұлттық архив қорындағы осындай рухани құндылықтардың сақталуы – ел тарихы мен әдебиетінің ажырамас бөлігі.