ҚР ІІМ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН АРХИВ ІСІ БОЙЫНША ОҚУ СЕМИНАРЫ

2025 жылғы 22 қыркүйекте ҚР Ұлттық архивінде ҚР Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясымен бірлесіп, Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты департаменттері мен аумақтық полиция департаменттері бастықтарының орынбасарларына арналған «Құжаттарды қабылдау және сақталуын қамтамасыз ету» тақырыбында оқу семинары өтті.
Семинар барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры С. Нұрланова «Құжаттарды қалыптастыру – Ұлттық архив қорының сапалы құрамының кепілі», ҚР Ұлттық архивінің мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшесінің бөлім басшысы Ш. Жанатаева «Қызмет бабында пайдалану құжаттарымен жұмыс жүргізу ерекшеліктері», ҚР Ұлттық архивінің бас қор сақтаушысы М. Шауленова «Құжаттарды қабылдау және сақталуын қамтамасыз ету», ҚР Ұлттық архивінің архив қоймасының меңгерушісі А. Унгурбаев «Құжаттарды сақтауды қамтамасыз ететін жұмыстар кешенін жүргізу бойынша практикалық сабақ» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар аясында қатысушылар архив жұмысымен, архив құжаттарын цифрландыру үдерісімен, құжаттық көрмемен танысты.
Семинар соңында қатысушылар ҚР Ұлттық архиві ұжымына мазмұнды әрі пайдалы ақпарат үшін алғыстарын білдіріп, мұндай семинарлар кәсіби біліктілікті арттыруға зор мүмкіндік екенін атап өтті.