Дәурен Абаевтың төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті
165
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Басқосуға бірқатар халық қалаулылары мен мәдениет саласының мэтрлары, ведомстваға қарасты комитет басшылары, мекеме директорлары, өңірлік мәдениет басқармасының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алқалы жиында алдымен Дәурен Әскербекұлы министрлікке бағынысты мекемелер дайындаған көрмені тамашалады. Көрмеге ҚР Ұлттық архивінің алтын қорында сақталған егемен еліміздің құнды құжаттары мен мемлекетіміздің ежелгі тарихынан сыр шертер көнекөз жәдігерлер де қойылған. Қазынаға татитын әрбір құжатты мекеме директоры Сағила Нұрланова жіті таныстырып, тарихи деректерден де мысалдар келтірді.
Келесі кезекте министр кеңейтілген алқа отырысын ашып, мәдениет және архив саласында 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына назар салды. Басқосуда баяндамашыларды мұқият тыңдаған министр бірқатар мәселелерге ерекше тоқталды. Сонымен қатар саланың әрқайсысында жіті назар аударып, талдайтын мәселелер жетерлік екендігін де атап өтті.
Алқа барысында Дәурен Абаев архив қызметіне қатысты да пікір білдірді. Министрдің айтуынша бүгінде ел аумағында 229 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Әйтседе архив ғимараттарын салуға сұраныс өте жоғары көрінеді. Жүргізілген сараптама қорытындысы 128 нысан салу керектігін көрсеткен. Сонымен қатар Дәурен Әскербекұлы мемлекеттік органдардың Ұлттық және өңірлік архивтермен байланысында да өзіндік проблемалар барын айтты.
Келесі кезекте мәдениет министрі архив ісінің білікті мамандарын даярлауға айрықша назар салу керектігіне тоқталып «Соңғы деректер бойынша сала қызметкерлерінің 8 процентінің ғана бейінді жоғары білімі бар екендігі анықталған. Зерттеулер алдағы 5 жылда салаға 1700-ге жуық маманның қажеттігін көрсетіп отыр. Біз осы бағыттарды негізге алып жұмыс істеуіміз керек», – деді.
Жиында 2022 жылдың жұмыс жоспары да талқыланып, басымдық берер бағыттар айқындалды. Кеңейтілген отырысты қорытындылаған Дәурен Абаев жауаптыларға басқосуда қозғалған мәселелердің әрқайсысын шешудің оңтайлы жолдарын жуық арада ұсынуды тапсырды.
Іс-шараның екінші жартысында ҚР Ұлттық архивінің ғимаратында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораштың басшылығымен еліміздегі архив директорларының жалпы отырысы өтті.
Жиналыста комитет төрағасы өткен жылда архив саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, болашақта қолға алынатын жоспарлармен бөлісті.
– Биыл «Е-Архив» ақпараттық жүйесіне ҚР Президентінің архиві және оны толықтыру көздерінің тізіміне кіретін мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігі және тағы басқа органдардың арнаулы мемлекеттік архивтерін қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, 32 мемлекеттік архив үшін заманауи күзет-өрт сигнализациясымен, ауа баптау жүйелерімен, автоматты өрт сөндіру жүйесімен, мобильді стеллаждық және зертханалық құралдармен жарақтандырылған 500 мың сақтау бірлігіне арналған жаңа үлгідегі ғимараттар салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленбекші, – деп атап өтті Қуат Қаһарманұлы.
Іс-шара барысында Комитет төрағасы Қуат Қаһарманұлы Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Маликова Сәуле Зейноллақызын архив саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Архив саласының үздігі» медалімен марапаттады.
Сонымен қатар, отырыс барысында өңірлердегі архив басшылары осы саланың түрлі проблемаларын көтеріп, ескірген ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа сақтау қоймаларын салу, кадр мәселесін шешу туралы өтініштерін білдірді.














