7  048

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2002 жылдың 12 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві ғимаратын 2003 жылғы Астана қаласындағы құрылыс нысандары Тізіміне енгізу туралы № 01-8. 15 тарихи және тағдырлы хаттамалық шешіміне сәйкес құрылды.

2006 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 692 қаулысы шықты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ресми ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15-жылдығы қарсаңында 2006 жылдың 14 желтоқсанында салтанатты түрде өткізілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің негізгі мақсаттары:

  • барлық жеткізгіштер түріндегі архивтік құжаттарды толықтыру, сақтау және пайдалану;
  • құжаттар көшірмелерінің Мемлекеттік сақтандыру қорын құру, есепке алу және сақтау;
  • архив ісі мен құжаттама жүйелерінің Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру және қызмет ету.

Ұлттық архивте сақталатын құжаттардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде құрылуы мен дамуы кезеңіне жатады. Құжаттарда мазмұндалған ақпарат мемлекеттік және әлеуметтік-экономикалық құрылғының, ел мәдениеті мен тарихының тарихы дерегі ретінде өзінің маңыздылығы мен репрезентативтігі бойынша бірегей және таптырмас. Қазіргі кезде осының барлығы 257 қорда көрініс тапты, оның 211 – басқарушылық құжаттама, 44 – жеке тек құжаттар, 2 – ғылыми-техникалық құжаттама.

Ұлттық архивте Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХII шақырылымының IХ сессиясында қабылданған Конституциясының мәтіні; араб ғалымы аль-Идрисидің (ХII ғ.) «Сурат аль-Ард» географиялық картасы, Астана қаласы құрылысының Бас жоспары, Мұзафар Әлімбаевтың досы М.Г. Латыповқа жазған майдандық хаттары және басқа бірегей құжаттар жинақталып, сақталған.

Ерекше құндылықты Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам, саясат және мемлекет қайраткерлері: Мырзатай Жолдасбеков, Рысты Сариева, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Мақсұт Нәрікбаев, Нұрғожа Ораз, Насролла Мубашир ат-Тарази аль-Хусейни, Ақселеу Сейдімбек, Кәри Әбитов, Қазбек Қазкеновтің жеке тек қорлары құрайды.

Қазақстан Республикасының толықтыру көздері тізміне 256 ұйым еңгізілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің қызметінде Сараптау-тексеру комиссиясы (СТК) маңызды орын алады, ол өз отырыстарында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивтің толықтыру көздері болып табылатын ведомстволық және жеке архивтер құжаттарының құндылығын сараптаудың әдістемелік және тәжірибелік мәселелерін қарастырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Қазақстан Республикасы және шетел мемлекеттері азаматтарынан, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін сұраныстарды орындау бойынша жұмыс жүргізеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің оқу залдарының жұмысы архивтегі маңызды қызметтердің бірі – зерттеу мақсатында пайдалану үшін құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қызметін шешуді қамтамасыз етеді. Оқу залдарында қазақстандық зерттеушілер санының көбеюімен қатар жақын және алыс шетелдердің ғылыми мекемелерінің өкілдері де жұмыс жасайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде республиканың атаулы даталарына орай көрмелер ұйымдастыру жұмысы жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіледі.

Халықаралық қызметтестік – Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қызметінің басты бағыттарының бірі. 2007 жылдан бастап архив Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесінің (ЕВРАЗИКА МСА) мүшесі болып табылады. Ресей Федерациясы (Мәскеу қ., Санкт-Петербург қ., Красногорск қ.); Өзбекстан Республикасы (Ташкент қ.); Армения Республикасы (Ереван қ.); Чехия Республикасы (Прага қ.); Түркия Республикасы (Анкара қ.); Иран Ислам Республикасы (Тегеран қ.), Қытай Халық Республикасы (Бейжің қ.), Араб Біріккен Әмірліктері (Абу-Даби қ.) архивтерімен тығыз байланыс орнатылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві посткеңестік кеңістіктегі халықаралық стандарттар мен талаптарға сай жоғарғы технологиялық архивтік құрал-жабдықтармен жабдықталған жалғыз мамандандырылған ғимарат болып табылады. Ғимарат арнайы: климатты қадағалау, өртке қарсы сигнализация, газдық өрт сөндіру, кондиционерлеу, бейнебақылау, электронды өткізу және т.б. жүйелермен жабдықталған.

Құжаттардың мәңгі сақталуы мен пайдалануын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві азаматтық қоғамның нығаюына, құқықтық мемлекеттің құрылуына, демократиялық көзқарастардың қалыптасуына, қазақстандықтарды азаматтық, отаншылдық, толеранттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді, және де тарихи-мәдени, ғылыми-оқу мекемесі ретінде барлық ұйымдар және мекемелермен қызметтестік үшін ашық.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Қазақстанның архив мекемелері жүйесіндегі маңызды буын, жалпыұлттық маңызы бар ғылыми-ақпараттық және мәдени-тарихи орталық болып табылады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қоғамның материалдық және рухани өмірін бейнелейтін Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени маңызы бар тарихи жинақталған және үнемі толықтырылып отыратын архивтік құжаттар қоры.

Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің координаттары:
010000, Нур-Султан қаласы.
«Нұржол» желекжолы, 12
тел.факс: 8 (7172) 446280
Қазақстан Республикасы
Ұлттық архивінің жұмыс уақыты:
дүйсенбі-жұма – сағ. 09.00-18.00,
үзіліс – сағ. 13.00-14.00
сенбі, жексенбі – демалыс күндер.

© 2020 - 2021 Қазақстан Респубикасының Ұлттық архиві

Follow by Email
Instagram