Ұлттық архив ардагері
8

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде архив қызметкері, журналистика және білім беру саласының ардагері Жүрсінбек Байнияздың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерейтой иесін Ұлттық архивтің басшылығы мен ұжымы құттықтап, көпжылдық адал еңбегі мен сала дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен және Республикалық кәсіподақтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Байнияз Жүрсінбек Байниязұлы 1956 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Филология мамандығын меңгеріп, еңбек жолын Жезқазған облыстық телерадиокомитетінде дикторлық қызметтен бастаған. Ұзақ жылдар бойы өңірлік телерадио саласында редактор, комментатор, жетекші қызметтерді атқарып, елге танымал көптеген бағдарламалардың жүргізушісі болды. Кейін журналистика саласында басшылық қызметтер атқарып, қоғам өміріндегі маңызды тақырыптарды кеңінен насихаттады.
1996–2007 жылдары Жезқазған қаласындағы №8 қазақ гимназиясын басқарып, білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ республикалық телеарна мен жоғары оқу орындарында жауапты қызметтер атқарды. Көп жылғы еңбегі үшін мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болған.
Қазіргі таңда Жүрсінбек Байнияз Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде қызмет етіп, архив саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Салтанатты кеш барысында әріптестері мерейтой иесіне ақжарма тілектерін білдіріп, оның еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі етті.
