Аида Балаева мәдениет және ақпарат салаларын жаңғыртудың басым бағыттарын белгіледі

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, ведомстволық ұйым басшылары және салалық құрылым өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова да қатысты.
Отырыс барысында министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтар айқындалды. Аида Балаева ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өтіп, салаларды заманауи талаптарға сай жүйелі жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану және саланың бірыңғай цифрлық даму стратегиясын әзірлеу міндеті қойылды. Сондай-ақ мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияларды қолдау, ақпараттық саясатты жетілдіру, азаматтық қоғам, жастар және отбасы саясатын нығайту мәселелері талқыланды.
Алқа қорытындысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, қойылған міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.


