Қаламгерлердің архивтегі мұрасы қалай сақталады?

Былтыр ҚР Ұлттық архивіне Шерхан Мұртазаның құнды құжаттары мен қолжазбалары табысталған болатын. Биыл Ұлттық архив ұжымы жазушының жеке қорына енген қолжазбалар, ресми құжаттар, сирек фотосуреттер мен кітаптар негізінде тағылымды көрме ұйымдастырды.
Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар, қаламгер мұрасын жүйелеу мен жариялау үдерісі туралы ҚР Ұлттық архиві Жариялау-баспа бөлімінің қызметкері Ләззат Жолдасовамен сұхбаттасқан едік.
– Былтыр Қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бірегей шығармашылық және зерттеу еңбектерінен тұратын құнды құжаттарын Ұлттық архивке «Егемен Қазақстан» газеті ресми түрде табыстаған еді. Оның арасында жазушының әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқасы, сонымен бірге «Бесеудің хаты» сынды екі бөлімді драмасының қолжазбалары бар екен. Бұлардан бөлек тағы қандай құжаттар бар?
– Иә, өзіңіз айтқандай өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің алтын қоры қазақ әдебиетінің алыбы, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның жеке құжаттық мұрасымен толықты. Шерхан Мұртазаның көлемі 6000 парақтан асатын бай мұрасын Ұлттық архивке «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы ресми түрде табыстады.
Жоғарыда аталған әйгілі «Қызыл жебе» романы мен «Бесеудің хаты» екі бөлімді драмасының қолжазбаларынан бөлек, қор құрамына «Қара маржан» романы, «Жұлдыз көпір» тарихи романының қолжазбасы, «Абай сәулесі», «Оралтауға барарда» әңгімелері, сондай-ақ «Клад черных гор» атты толықметражды, қара-ақ түсті фильмнің сценарийі бе бар.
Сонымен қатар, «Ай мен Айша» романына қатысты материалдар, жазушының өмірі мен шығармашылық жолын бейнелейтін бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттері, жеке хаттары, мақалалары, жазба дәптерлері мен өзге де тарихи-мәдени маңызы зор құжаттары табысталды.
Аталған құжаттық мұра – қазақ әдебиеті мен ұлттық руханият тарихын зерттеуде айрықша құндылыққа ие бірегей дереккөз деп айтуға болады.
– Көрмеде тұрған құжаттарға қарасақ барлығы да сапалы сақталған секілді. Қолжазбалар анық. Тіпті қойын дәптерлердегі қарындашпен жазылған жазулар да өшпеген. Бұл сіздерге келгесін қайта өңделгені ме, әлде бүлінбей осылай сақталған ба?
– Расында да, көрмеде ұсынылған құжаттардың басым бөлігі уақыт тезіне төтеп беріп, бүгінгі күнге дейін жақсы сақталған. Алайда олардың барлығы бірдей мінсіз күйде түсті деуге болмайды. Ұлттық архивке қабылданған кезде кейбір құжаттар әртүрлі себептермен бүлінген күйде жеткізілді: бірқатарына ылғал тиген, кейбір фотосуреттер жыртылған, парақтары сарғайып, сиясы көмескі тартқан материалдар да болды.
Дегенмен, архив саласының білікті мамандары бұл құнды мұраға жанашырлықпен қарап, арнайы реставрациялық зертханада кәсіби қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Әрбір парақ, әрбір фотосурет аса мұқият тексеріліп, ғылыми әдістермен «емделіп», қайта қалпына келтірілді. Соның нәтижесінде қолжазбалар, қойын дәптерлердегі қарындашпен жазылған жазулардың өзі де өшпей, бүгінгі көрмеге сапалы күйінде ұсынылып отыр.
Бұл – архив мамандарының кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегінің айқын көрінісі, ұлттық мұраға деген жоғары жауапкершіліктің дәлелі.
– Сіздер бұл құжаттарды қалай сақтап отырсыздар? Құжаттарды қалпына келтіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұра ма, немесе бір рет қалпына келтірілген қағаз ұзақ жылдарға жете ме?
– Ұлттық архив қорына қабылданған әрбір құжат ең алдымен арнайы ғылыми-техникалық өңдеуден өткізіліп, содан кейін ғана сақтауға жіберіледі. Бұл – құжаттың ұзақ ғұмырын қамтамасыз ететін аса маңызды кезең. Арнайы жабдықталған қоймаларда температура мен ылғалдылықтың тұрақты режимі қатаң сақталып, қағаздың табиғи құрылымына зиян келтірмейтін қолайлы орта қалыптастырылады.
Қоймадағы әрбір құжат архив мамандарының тұрақты бақылауында болады. Қор сақтаушылары жүйелі түрде тазалық және профилактикалық күтім жұмыстарын жүргізіп, құжаттардың жай-күйін үздіксіз қадағалайды. Қажет болған жағдайда қосымша реставрациялық және қалпына келтіру шаралары атқарылады.
Бір рет кәсіби тұрғыда өңделген, ғылыми талаптарға сай сақталған құжаттар ұзақ жылдар бойы өз сапасын жоғалтпайды. Бұл – архив ісіндегі жүйелі жұмыстың, жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктіліктің нәтижесі.
– Қазірге дейін Ұлттық архивте тағы қандай тұлғалардың жеке құжаттық қоры сақтаулы тұр?
– Жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімі Қазақстанның тарихи даму кезеңдерін, елдің рухани-мәдени өркендеу жолын айшықтайтын аса құнды дереккөздер – мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушылар, ғұлама ғалымдар мен өнер майталмандарының жеке құжаттық қорларын жинақтап, мемлекеттік сақтауға қабылдап келеді. Бұл қорлар халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы, ұлттық жадымыздың алтын өзегі саналады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам, саясат және мемлекет қайраткерлері Әлкей Марғұлан, Жұмабек Тәшенов, Мырзатай Жолдасбеков, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Насролла Мубашир ат-Тарази әл-Хусейни, Мақсұт Нәрікбаев, Ақселеу Сейдімбек, Жандарбек Мәлібеков, Нұрлан Батпенов, Сұлтан Оразалин, Фариза Оңғарсынова, Нұрғожа Ораз, Илья Жақанов және басқа да елге кеңінен танымал тұлғалардың жеке тектік қорлары Ұлттық архив қоймаларында сақтаулы.
Аталған мұралар – тәуелсіз Қазақстан тарихының шежіресін түзетін, ұлт руханияты мен қоғамдық ойдың эволюциясын танытатын бірегей деректер жиынтығы. Олар болашақ ұрпақ үшін тағылымды сабақ, отандық ғылым мен мәдениеттің сенімді дереккөздері ретінде айрықша құндылыққа ие.
– Архивтегі құжаттар ізденушілерге қаншалықты қол жетімді? Мәселен, біз секілді журналистер мақала жазғанда осы архивтегі құжаттарды, қолжазбаларды сіздерге сілтеме жасай отырып пайдалана ала ма?
– Ұлттық архив – зерттеушілер мен ізденушілерге ашық ғылыми-мәдени орталық. Мұнда мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан, жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ Қазақстан азаматтары мен шетелдік зерттеушілерден келіп түсетін сан алуан сұраныстар жүйелі түрде қабылданып, белгіленген тәртіппен орындалады.
Ғалымдар мен журналистерге, тарихшылар мен студенттерге архивтің арнайы оқу залында жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Қажетті құжаттар сұраныс негізінде ұсынылады. Сонымен қатар, архив қызметкерлері ізденушілерге әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетіп, құжаттарды іріктеу, пайдалануға дайындау, қалпына келтіру және олардың сақталуын бақылау жұмыстарын үздіксіз жүргізеді.
Журналистер архив материалдарын ғылыми және публицистикалық мақсатта, тиісті дереккөзге сілтеме жасау арқылы еркін пайдалана алады. Бұл – архивтің қоғамға ашықтығын, тарихи ақиқат пен рухани мұраны кеңінен насихаттауға деген ұстанымын айқын көрсетеді.
– Қазір архивтегі ең ескі құжаттар қай жылдан басталады және ол қандай құжаттар?
– Ұлттық архив қорында сақтаулы тұрған ең көне әрі бірегей құжаттар XII ғасырға тән тарихи жәдігерлерден бастау алады. Солардың бірі – арабтың әйгілі ғалымы әл-Идрисидің XII ғасырда жасаған әлемге танымал «Сурат әл-Ард» географиялық картасы. Бұл құнды еңбек ортағасырлық дүниетанымды, сол кезеңдегі жер бедері мен елдер туралы ғылыми түсінікті айқын бейнелейтін аса сирек дерек саналады.
Сонымен қатар, архив қорында еліміздің тәуелсіздік тарихындағы аса маңызды құқықтық құжат – 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының IX сессиясында қабылданған Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясының түпнұсқа мәтіні сақтаулы. Бұдан бөлек, Астана қаласы құрылысының Бас жоспары, сондай-ақ «Мәдени мұра», «Архив–2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында шет мемлекеттерден арнайы іздестіріліп әкелінген тарихи құжаттар кешені де архив қорын толықтырып отыр.
Аталған жәдігерлер – қазақ жерінің мыңжылдық тарихын, мемлекеттілік дәстүрін, тәуелсіздік жолындағы күрес пен жаңғыру кезеңдерін тұтастай қамтитын бірегей дереккөздер жиынтығы, ұлттық жадымыздың асыл арқауы.
– «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз ғой, бұл бағдарламаның нәтижесі қандай болды?
– «2019 жылдың 20 желтоқсанында Үкіметтің қаулысымен «Архив–2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама Ұлттық архив қорын отандық және шетелдік архивтер, музейлер, кітапханалар мен ғылыми орталықтарда сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен толықтыруға және оларды ғылыми айналымға енгізуге бағытталған.
Бағдарлама аясында алыс-жақын шет мемлекеттердің архивтері мен ірі тарихи кітапханаларынан – атап айтсақ, Түркия, Ресей, Германия, Венгрия, Чехия және Қырғызстаннан – қазақ халқының сан ғасырлық тарихын көрсететін баға жетпес құжаттар мен тың деректер іздестіріліп, елге жеткізілді.
«Архив–2025» бағдарламасы ұлттық тарихымызды жүйелі түрде түгендеуге, жаңаша зерделеуге және бұрын беймәлім болып келген деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік берді. Бұл бастама еліміздің рухани жаңғыруына маңызды үлес қосып, архив саласына жаңа серпін берді.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қызметкерлері ауқымды ғылыми-зерттеу, жинақтау және жариялау жұмыстарын жүргізіп, 9 жинақ шығарды. Олардың қатарында: «Ақселеудің асыл мұрасы», төрт томдық «Отанына оралған құжаттық қазына», «История столицы Казахстана», «Архив–2025: Ұлт тарихындағы жаңа деректер» атты еңбектер, сондай-ақ «Ақмоладан… Нұр-Сұлтанға дейін», «Архивтегі аманат» фотоальбомдары бар.
Жалпы, «Архив–2025» бағдарламасы біздің тарихымызды терең зерттеуге, құжаттық мұраны сақтауға және ғылыми айналымға енгізуге айтарлықтай мүмкіндік берді. Бұл қадам еліміздің архив саласын дамытумен қатар, рухани жаңғыру жолындағы маңызды бастама болды».
– Жалпы архивке қолжазба, т.б. құжаттарды сақтауға алудың критерийлері қандай?
– Архивтік құжат – қоғам мен мемлекет үшін маңызыдылығына қарай сақаталатын немесе сақталуға жататын, меншік иесі үшін құндылығы бар құжат.
Құжаттар Ұлттық архив қорына мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидалары мен белгіленген ережесіне сай қабылданады.
Архивтік құжаттарды қабылдау кезінде құжаттардың физикалық, санитариялық-гигиеналық, техникалық жай-күйіне және аса құнды құжаттардың сақтандыру көшірмелеріне, сонымен қатар есептік құжаттардың толықтығына мән беріледі.
Жеке тектік қорға тұлғалар өздерінің шығармашылық және ғылыми мұраларын – мақалаларын, зерттеулерін, естеліктерін, қолжазбаларын, автографтарын, бейне, фоно, фото құжаттарын сондай-ақ ерекше ғылыми немесе әдеби ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келген еңбектерін тапсыра алады.
Сонымен қатар газет, кітап және журнал беттерінен жинақталған материалдар, түрлі жарияланымдар мен құнды деректер де қорға қабылданады.
Бұл құжаттар – тұлғаның шығармашылық жолын, ой-өрісін, замана тынысын айшықтайтын тарихи-мәдени мұра ретінде бағаланады.
– Шетелдік әріптестермен байланыс, тәжірибе алмасу жөнінде айтып өтсеңіз?
– Халықаралық қызметтестік – Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві қызметінің стратегиялық маңызы бар басты бағыттарының бірі. Архив тек ұлттық мұраны сақтаушы мекеме ғана емес, сонымен қатар жаһандық архив кеңістігінің белсенді қатысушысы ретінде де танылып келеді.
2007 жылдан бастап мекеме Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесі (ЕВРАЗИКА) құрамына еніп, кәсіби қауымдастық аясындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл мүшелік қазақстандық архив ісін халықаралық стандарттармен үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және ғылыми байланыстарды кеңейтуге жол ашты.
Бүгінде Ұлттық архивпен Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Красногорск қалаларындағы, Өзбекстан Республикасының Ташкент, Армения Республикасының Ереван, Чехия Республикасының Прага, Түркия Республикасының Анкара, Иран Ислам Республикасының Тегеран, Қытай Халық Республикасының Бейжің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби архивтерімен тығыз әріптестік орнатылған. Бұл байланыстар ортақ тарихи мұраны зерттеу, құжаттарды цифрландыру, қалпына келтіру және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бағытында нақты нәтижелер беріп отыр.
2023 жылғы 12 қазанда Орынбор қаласында өткен Архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Ресей комиссиясының 4-отырысы аясында маңызды құжатқа қол қойылды.
Аталған жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті қарамағындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен Орынбор облысының біріккен мемлекеттік архиві арасында архив саласы бойынша өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім екі ел арасындағы архив ісі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тарихи құжаттарды бірлесіп зерттеу мен тәжірибе алмасуға және кәсіби байланысты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ал 2025 жылғы 22 мамырда Ұлттық архив қабырғасында тағы бір маңызды халықаралық құжат рәсімделді. Король Әбделазиз атындағы ғылыми зерттеу және архив қоры директоры Turki Mohammed Alshuwaier мен Ұлттық архив директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ғылыми-архивтік ықпалдастықты тереңдетуге, тарихи деректер алмасуға және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.
Осылайша, Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ұлттық тарихи мұраны әлемдік ғылыми кеңістікпен ұштастырып, архив ісін жаңа сапалық деңгейге көтеріп келеді.
Олжас Сәндібекұлы






