«АРХИВ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ ҰРПАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

2025 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында ашық есік күні өтті.
Іс шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ыбырайым Бабаев, Ұлттық архиві директоры Сағила Нұрланова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сазгер Әкім Ысқақ, ҚР Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыков және басқа да қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, Астана қаласындағы жалпы білім беру мекемелерінің, мектеп-лицейлердің оқушылары мен Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана Халықаралық университеті студенттері, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты – тұғырлы тұлғалар мен қазақ халқының төл тарихына қатысты құнды құжаттарды ұрпақтар санасында жаңғырту, сондай-ақ еліміздің тарихы мен мәдениетін білуге ынталандыру арқылы жастардың патриоттық сезімін ояту.
Шараға қатысушыларға Ұлттық архив жұмысы жан-жақты таныстырылып, түрлі көрмелермен архив жұмысы туралы деректі фильмдер көрсетілді.
Бүгінгі Ашық есік күніне Ұлттық архивке 800-ге жуық оқушылар мен студенттер келіп, архив жұмысымен танысты.