Алматыда «XVIII ғасырдағы Қазақ даласы: Иран архивтеріндегі құнды деректер» көрмесі жалғасуда

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде «XVIII ғасырдағы Қазақ даласы: Иран архивтеріндегі құнды деректер» атты көрме өз жалғасын табуда.
Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің тапсырмасымен ұйымдастырылып, көпшілік қауымға Иран архивтерінен табылған Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар мен сирек деректер ұсынылды.
Іс-шараға «Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві» РММ директорының орынбасары Тұрсынгүл Құсайынова және Жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Гауһар Хайруллина қатысып, көрмеге келушілерді архив құжаттарымен таныстырып, тарихи жәдігерлердің маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Көрме барысында тарихшы-ғалым, қауымдастырылған профессор Атығай Нұрлан Әділбекұлы, тарихшы-ғалым, аудармашы, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының бас сарапшысы Қанай Өмір, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары қатысып, көрменің ғылыми және тарихи маңызы туралы өз пікірлерін білдірді.
Көрме – ұлттық тарихымыздың тың деректерін танытып, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми бастамалардың бірі.

