Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен Біріккен Араб Әмірлігінің «Даналық үйі» арасындағы кездесу

20 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Біріккен Араб Әмірлігінің «Даналық үйі» атқарушы директоры Марва Обаид Рашид Аль Акруби ханым мен Үкіметпен байланыс және хаттама бөлімінің басшысы Али Әл Шеммари мырзамен кездесу өтті.
Қонақтарды Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы қарсы алып, архив мекемесінің жұмысымен және қор сақтау, құжаттарды цифрландыру бағыттарындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесудің мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы достық пен ынтымақтастықты ескере отырып, өзара екіжақты ынтымақтастықты жолға қою, тәжірибе алмасу, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен бірлескен көрмелер, ғылыми-зерттеу жобаларын ұйымдастыру.
Сонымен қатар, Марва Обаид Рашид Аль Акруби ханым «Даналық үйі» қорында Қазақстан тарихына қатысты 40-қа жуық кітаптың сақталғанын атап өтті. Бұл – еліміздің өткені мен рухани байлығын танытатын сирек кездесетін басылымдар. Ең қуаныштысы – енді осы құнды еңбектермен ашық түрде танысуға мүмкіндік бар. Аталған мұралар Ұлттық архивке табысталып, мәдени әрі тарихи зерттеулер жүргізу жолында таптырмас дереккөзге айналмақ.
Бұл кездесу – Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың, әріптестіктің тағы бір жарқын қадамы.