Шерхан Мұртазаның құнды мұрасы Ұлттық архивке табысталды

2025 жылғы 24 қазан күні ҚР Ұлттық архивтің алтын қоры қазақ әдебиетінің алыбы, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның жеке құжаттық мұрасымен толығып, «Шерхан Мұртаза мұрасы: «Егемен Қазақстаннан» – Ұлттық архивке» атты шара өтті.
Салтанатты шара аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты 6000-нан астам парақтан тұратын мұра архив қорына ресми түрде табыс етілді.
Архив қорына өткізілген материалдардың ішінде Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы жүргізген зерттеу жазбалары, сондай-ақ кеңестік билікке қарсы шыққан қазақ зиялыларының қайраткерлегін бейнелейтін «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының тағы басқа да бірнеше шығармасының қолжазбасы да бар.
Бұған қоса, архивке жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар тапсырылды.
Бұл шара – ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың асыл қазынасын болашақ ұрпаққа аманаттау, рухани құндылықтарды сақтау жолындағы маңызды қадам.
Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара соңында екі жақты келісім шартқа қол қойылды.



