АҚСЕЛЕУ МҰРАСЫ
Тұтас адамзат қоғамының тарихында да, жеке алғанда ұлттар тарихында да басты рөлді ұлы тұлғалар атқарады. Тұлға дегеніміз – өздерінің саяси немесе рухани еңбегі арқылы қоғам қажеттіліктерін анағұрлым толық қанағаттандырып, мемлекетінің дамуына үлесін қосып, ел игілігі жолында қызмет атқарып, еңбегін сіңірген адамдар. Кез келген мемлекет тарихы ұлы тұлғалар ісінің призмасы арқылы анағұрлым айқын, әрі әсерлі көрінеді. Өз заманындағы ұлы тұлғалардың өмірі мен қызметін зерделеу мәселесі ерекше мәнге ие, өйткені бұл адамдар тек тарихты жасап қана қоймай, сонымен бірге сол қоғамның мәдени құндылықтарын, адамгершілік принциптері мен дәстүрлерін бойында сақтап қалады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде елуге жуық жеке тектік қорлар қалыптастырылды.
Соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің жеке қорына тоқталғым келіп отыр.
Ақселеу әлемі – бұл бүкіл қазақ әлемі. Мұндай тұлға сирек туады. Ақселеу Сейдімбектің бүкіл өмірі, бүкіл жан-дүниесі, арман мүддесі ұлтқа қызмет етумен өткен. Ол қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырған жан.
Қазақтың маңдайына біткен дара жұлдызы болған жазушы, этнограф, шежіреші, зерттеуші, ғалым Ақселеу ағамыз жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Біреу ол кісінің білімділігін айтса, біреу шежірешілдігін, тағы біреу əншiлiгiн айтып тауыса алмайды.
Ақселеу Сейдімбек қайтыс болғанда әрі досы, әрі замандасы жазушы Әбіш Кекілбаев : «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бəрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кəтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бəрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» – деп орны толмас қазаға қатты қайғырған екен.
2009 жылы қайтыс болардан үш күн бұрын халқына бергенінен берері көп, қамшының сабындай болған ғазиз ғұмырында қазақ халқы үшін жинаған-зерттеген маңдай тер еңбегінің жемісін ғалым өзінің қолымен қыздың дүниесіндей жинақтап, қазақ халқын тануда жиналған жауһарым болашаққа бағдар болып, қазақтың тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрі мен мәдениетін зерттеушілерге тамшыдай үлесін қосса, мен ризамын деп, Ұлттық архивке тапсырған болатын. Құжаттық қордың маңызды бір бөлігін құрайтын Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин, Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ғалымдар, әдебиет майталмандарымен және шет ел әдебиетшілерімен жазысқан 700-ге жуық хаттары мен фотосуреттерінен қор иесінің әдебиетімізге, салт-дәстүріміз бен өнерімізге жанын жеп алаңдаушылық танытқанын, көрегенді елім деген абзал азаматтарымен ақылдасқан, сыр-шертіскен сәттерін көруге болады.
Сонымен қатар, қорда жазушының «Шоқан Уәлиханов және оның Жоңғария очерктері» тақырыбында жазған дипломдық жұмысы, оған ғылыми жетекшісі Х. Бекхожиннің пікірі, З. Тұрарбековтың жазған рецензиясы және филология ғылымдарының кандидаты, докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық жұмыстары, авторефераттары, баспасөз беттерінде жарық көрген шығармаларының қолжазбалары, оқушы кезінде жазған тырнақалды туындылары бар. Атап айтсақ, «Алпамыс батыр», «Кеніш», «Ойтолғақ», «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітаптары, «Тауға біткен жалбыз», «Қанды қырғын», «Табысу», «Өресі биік өнер» секілді әңгімелері, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз», «Қазақ, үш жүз, ұран, таңба» туралы шежірелік аңыздары, «Хан Абылай» толық метражды тарихи фильмі, «Күннің қызы Күнікей», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», т.б. сценарийлері.
Ақселеу Сейдімбектің мол мұрасымен таныса отырып, ғалымның қазақтың дəстүрлі рухани мəдениетінде айрықша орын алатын үш саланы айрықша атап өткендігін байқаймыз: біріншісі – сөз өнері, екіншісі – музыка өнері, үшіншісі – қолөнері. Шынымен де қазақ халқы ұлт ретінде өзінің бүкіл рухани сұранысын үйіп-төгіп осы үш арнаға теңдеген сияқты. Қазақ жеріндегі сəулетті мазарлар, кесенелер, сарайлар, алып үңгірлер мен тасқа қашалып жазылған жазу-сызулар, кескіндер мен суреттер сияқты сəулет, кескін өнерінің құнды жəдігерлері жайлы өзінің «Күңгір-күңгір күмбездер», «Қазақ əлемі. Этномəдени пайымдау» атты еңбектерінде тоқталған. Қазақ өмірінде ерекше орында тұратын музыка өнері, Ахмет Байтұрсыновтың атауы бойынша, əуез өнері туралы Ақселеу Сейдімбеков «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері» еңбектерінде қарастырады, ал қазақтың сөз өнерін зерттеуге мол үлесін қосқан, қазақтың қара өлеңінің табиғатына зер салған ол кісінің «Мың бір маржан» атты еңбегі бар. Ақселеу Сейдімбековтің өнертануға үлкен үлес қосқан, қарымы мол туындылары осы музыка өнері, оның ішінде күй өнері мен күй аңыздарын зерттеуге арналған еңбектері болғандықтан, қазақ халқының рухани өміріне азық болды.
Қазақ күй аңыздарын зерттеп, этнография саласына, оның ішіндегі қазақты тану, ұлттық руханиятты білу әлемін зерттеді. Ондаған монография мен ғылыми еңбектердің авторы ұлт руханиятына мол мұра қалдырған ғұлама ғалым. «Ақселеу әлемі – бұл бүкіл қазақ әлемі. Мұндай тұлға сирек туады. Ақселеудің бүкіл өмірі, бүкіл жан-дүниесі арман мүддесі ұлтқа қызмет етумен өтті. Жаһандану жан-жағымыздан қысқан заманда, кешегі тар жол тайғақ кешу кезеңдерден өткенде өзінің ұлттық құндылықтарынан айырылған қазақ халқының тағдырына шырылдаған адам – Ақселеу ағамыз» – деп, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы айтқандай, ғалымның архив қазынасына түскен құнды құжаттары көне қазақ мәдениетінің жаңа мыңжылдықтағы жалғасы, жаңғырығы, өзгеше сәні болып қалды. Ақселеу Сейдімбектің Отанды сүюдің, қазақ халқына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылатын жеке қорының құжаттары келешек жастарға мұра болып, ғылыми еңбектер жазуға мол мүмкіндіктер ашары сөзсіз.
Әсия Керімтаева, ҚР Ұлттық архивінің
жеке тектік құжаттармен жұмыс
жүргізу бөлімінің басшысы