Майдан көрген марқасқалар
Ананы баладан, баланы әкеден, жарды сүйгенінен айырған сонау соғыстың заманының өткеніне де үш ширек ғасыр болыпты. «Бәрі майдан үшін, жеңіс үшін, отан үшін» деген ұранның жаңғырығы бүкіл Совет құрамындағы республикалардың халқына жетіп, ерікті де, еріксіз де майданға аттанған қыршын жастардың қаншасының сүйегі табылмай із-түссіз кетті, қаншасы көмусіз далада қалды, ойласаң жаның түршігетін қан майдандағы кескілескен ұрыстың, сұрапыл соғыстың өртінде болып отаны, елі мен жері үшін жанын тіккен батырлардың қазақ халқынан да көп шыққаны бәріне аян, Жеңіс туын желбіретіп қайтқаны да қаншама?!
Бүгінгі бейбітшілік заманда сол ардагерлерімізді ұлықтау, олардың үлгілі жолын дәріптеу біздің міндетіміз. Осы орайда Жеңіс мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің қоймасында жеке құжаттары сақталған майдангерлердің бірнешеуінің өмірбаяны мен еңбектері туралы тоқталып өтуді жөн көрдік.
Хамит Ерғалиев
Хамит Ерғалиев 1916 жылы 14 қазанда Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің халық жазушысы, ақын. 1936 жылы тырнақ алды туындысын өлеңмен бастаған бозбала кейіннен көптеген эпикалық поэмалар, публицистикалық мақалалар, прозалық шығармалар жазды. 1941-1945 жылдары 2-дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдандастарымен бірге талай ұрысты өткеріп, әскери қызметтердің түрлі саласында адал қызмет атқарды. 1945-50 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, 1950-57 жылы Қазақстан Жазушылар одағы поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1958-59 жылы Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Исатай ауданының және Атырау қаласының құрметті азаматы.
Epғалиев – 30-ға тарта жыр жинақтарының, 20-дан астам кітаптың авторы, шығармаларының тақырыбы әр алуан болып келеді, мысалы революциядан кейінгі азат заманның, қазақ халқының өткен өмірінің көріністерін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдың бірлігін, жауынгерлердің ерлігі мен тыл адамдарының еңбегін, соғыстан кейінгі коммунизмге қадам басқан халықтық қозғалыстың беталысын жақсы ашып, бүкіл Одақтағы халықтың сол жылдардағы ерен ерлігін, бейбітшілік жолындағы күресін жырлады.
2018 жылы Хамит Ерғалиевтің жеке құжаттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне келіні Алтын Мухамедьярова әкеліп тапсырды, 247 қор жасалып, мемлекеттік сақтауға алынды.
Исқақов Жақұпбек Мағзұмұлы
Исқақов Жақұпбек Мағзұмұлы 1918 жылы 15 қазанда Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген, Ұлы Отан Соғысының ардагері, қоғам қайраткері. Түрлі себептермен 14 жасында мектеп табалдырығын аттаған ол бір жыл ішінде 7 сыныптың сабағын аяқтап үлгіреді, кейін Көкшетау педогогикалық учлищесін, одан кейін Қарағанды педогогикалық институтын бітіреді. 1939 жылы Тайтөбе ауылында бастауыш мектепте мұғалім болады. Ж. Исқақов 1941 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып Белорусь майданында соғысып, жеңістен кейін де әскери қызметте қалып Орта Азияның көп жерінде қызметте болды.
1951-1954 жылы Лелинград қаласындағы Калинин жоғары әскери институтын аяқтап, Башқұрт Республикасының Стерлитмак қаласында қызмет атқарды, кейін Лелинградқа оралып ұшқыш-атқыштар училищесіне ауысады, бұнда оқуға түскен Кеңес Одағының ұшқыш-ғарышкері Юрий Гагаринге сабақ берген жалғыз қазақ осы Жақұпбек Исқақов екендігін зор мақтанышпен еске аламыз.
1960-1963 жылдары аралығында вертолетчиктер мен ұшқыштарды дайындайтын Сызрань әскери-әуе училищесінде қызмет істейді. Ширек ғасырға жуық Кеңес әскері болып абыройлы жұмыс істеген Ж. Исқақов қызметтен босатылып, Ақмола облысына келіп, Ауыл-шаруашылығы институның тарих кафедрасының ассисенті болып орналасып, институт парткомының хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді. 1968 жылға келгенде КАЗГУ тарих кафедрасына ізденуші болып ауысты. 1969 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, кейін тарих ғылымдарының кандидаты, доценті атақтарын қатар алды. 1974 жылы ғылыми коммунизм кафедрасының меңгерушісі болды. Ғұмырының көбін еліне арнаған ардагер атамыздың 1918-2001 жылдар аралығындағы жеке құжаттары 224 қор болып жасақталып, Ұлттық архивте сақталуда.
Кәри Әбитов
Ұлы Отан Соғысының ардагері, Астана қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі болған Кәри Әбитов 1922 жылы 1 маусымда Ақмола облысында дүниеге келген. 1941 жылдың желтоқсанында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Ташкент пулеметті-миномет училищесінің курсына жіберіледі. Оқу-жаттығуын аяқтап 1942 жылы 12 шілдеде 66-әскердің 226-атқыштар дивизиясының командирі ретінде Сталинград майданына аттанады. Сталинградтағы сұрапыл шайқастың бел ортасында болып, жанқиярлықпен жауынгерлік міндетін атақарады, Ал 1943 жылдан бастап Курск-Орловск түбегі шайқасында 3-әскердің 186-атқыштар дивизиясы құрамындағы минометшілер батареясында 120 мм отты реттеуші лауазымында жауға қарсы күреседі, жыл соңында Днепрді қорғау соғысына қатысады. 1944 жылдың басынан «Смерш» әскери қарсы барлау органына қабылданып, ҰҚК-ның Мәскеудегі екінші мектебіне оқуға түседі, барлау ісін жақсы меңгерген ол 1945 жылы майданға қайта аттанып, Венгрия, Чехословакияны азат ету соғысына қатысады. Жеңіс күнін Австрияның Вена қаласында қарсы алады, соғыс аяқталғанымен барлау қызметінің үздігі Кәри Әбитов Югославияға кезекті жедел тапсырма орындауға жіберіліп, үш жылдай қызмет атқарады.
Кәри Әбитов туған жеріне оралған соң 1946-1966 жылдар аралығында Целиноград облысының және Солтүстік Қазақстан аумақтық мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жетекшілік етті.
ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктері үшін Кәри Әбитов 30 медальмен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және т.б. медальдармен марапатталған.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, яғни құрметті демалыста жүрген кезінде де ол ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге өзінің бір кісілік үлесін белсене қосты. Кәри Әбитов мемлекетке сіңірген осы сияқты көптеген еңбектері үшін Жеңістің 58 жылдығы қарсаңында ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Майдангер соғыс жылдарындағы қауіп пен қатерге толы өмірі мен құпия тапсырмаларды орындаған барлаушы ретіндегі кезеңдерін «Өмір өрнегі» атты кітабын жазу арқылы мұра етіп қалдырды. Қазіргі күнде Кәри Әбитовтың өмірі мен еңбектері жинақталып, Ұлттық архивтің қоймасында 168 қор ретінде сақталып тұр.
Тәңірберген Қалилаханов
Ұлы Отан Соғысының ардагері, журналист, этнограф, тарихшы,жазушы, зерттеуші, аудармашы, тағы басқа да көп өнердің көкесі болған Тәңірберген Қалилаханов 1916 жылдың 10 сәуірінде жер жәннаты Жетісу өңірінде дүниеге келген.
Тәңірберген 1928-1929 жж. Бөрілітөбе ауылында ашылған «Көктерек» жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, 1930 жылы Талғардағы ауылшарупшылық арнайы оқу орнына Құсайынов Арын деген зиялы азаматтың жолдамасымен түседі. 1932-1934 жж. арнайы білім алған ол алғаш құрылған ауылшаруашылық ұжым «Алғабас» артелінде есепші, 1935 жылы Ақсу аудандық «Лелин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істейді. 1938-1939 жж. алғаш құрылған Ақсу колхоз-совхоз театрының тұңғыш директоры міндетін атқарды. 1939 жылы әскерге шақырылып, Молдавияның Кишинев қаласында әскери міндетін өтеп жүргенде 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталып кетіп, Тәңірберген саптастарымен бірге сол күннен бастап сұрапыл майданға кіріп кетеді, қиян-кескі шайқаста ауыр жарақат алғанына қарамастан Оңтүстік Батыс және үшінші Беларусь майданында болып ерлікпен соғысады. 1945 жылдың көктемінде Кенигсберг қаласын азат етуге үлкен үлес қосады, 1946 жылы Қызыл Армия қатарындағы міндетін аяқтап, туған жеріне абыройлы жеңіспен оралады.
Отанын азат ету жолындағы ерліктері мен аянбай төккен қан-терінің арқасында «За Отвагу», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», Бірінші және Екінші дәрежелі «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады.
1948-1952 жж. Алматы Жоғары партия мектебінде оқып, қызыл дипломмен бітіріп, үздік журналист мамандығын алады. Ақсу, Қапал қатарлы жерлерде партия ұйымында нұсқаушылық қызметтен бастап, 1955 жылы Алматы облысы Қапал аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Қызметпен қоса тарихи зерттеулермен де тынбай шұғылданып қазақтың біртуар ақын қызы Сара Тастанбекқызының деректерін жинап, оның шынайы өмірде болғандығын тарих тұрғысынан дәлелдеп, әдеби шығармалар жазған.
Партияның жүктеген зор міндеттерін аброймен атқарып, мемлекеттің қамбасын астықпен толтырып, мал шаруашылығының дамуына ықпал етеді, мәдениетті көтерумен бірге жастарды ғылым-білімге баулып зор еңбек сіңіреді. 1968 жылы Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетіне редактор болып тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанға дейін үлкен жауапкерлікпен абройлы жұмыс атқарады.
Зерттеушілік, жазушылық саласындағы көптеген еңбектің иесін ұлықтаған Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2016 жылы Т. Қалилахановтың қызы Гүлша Тәңірбергеновадан әкесінің 1929-2013 жылдар аралығындағы жеке құжаттарын архивке қабылдап, №233 жеке жасалынды.
Міне, жоғарыдағы аталған төрт бірдей ардагеріміздің елі мен жеріне сіңген еселі еңбегін шынайы бағалап, қалдырған мұраларын зерделеп-зерттеп, тарихына үңілу, үлгі-өнегесін болашақ ұрпақтың санасына сіңіру, дәріптеу керек екендігін жыл сайынғы Жеңіс мерекесі қарсаңында жұртшылық пен ұрпақтарға жеткізудің өзіндік мән-мағынасы мен атқарар рөлі айырықша, сондықтан отандастарымызды Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, асыл да ардақты ардагерлеріміз, майдан көрген марқасқаларымызды ұлықтап, үлкен құрмет білдіреміз.