Ұлттық архивте оқыту орталығы ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық архив базасында мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Құттықтау сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Е.Л. Тоғжанов архив саласын жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтердің қызметін автоматтандыру, ақпараттық технологияларды енгізу бойынша қабылданған шараларды атап өтті.
«Келер жылдан бастап архив ісі қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20 пайызға өседі деп жоспарлануда. Осылайша, архив саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Осыған орай қызметкерлердің де деңгейі жоғары болуы керек. Сол себепті бүгін арнайы оқу орталығы ашылып жатыр. Архив саласында жүрген азаматтар Ұлттық архив жанынан ашылған осы орталықта дәріс бере алады, тәжірибесімен, білімімен жергілікті жердегі азаматтармен бөліседі деген сенімдемін, – деді Ералы Лұқпанұлы.
Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова архив саласы кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау, оның ішінде салалық мамандықтар бойынша – реставратор, ғылыми-техникалық және аудиовизуалды құжаттарды өңдеу бойынша алғаш рет ашылған орталықтың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барасында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова мәртебелі меймандарға Орталықтың жұмыс істеу тәртібін көрсетіп, әдістемелік көрнекі құралдармен таныстырды.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы Бораш ҚР Ұлттық архивінің толықтыру көздері болып табылатын ұйымдардың ведомстволық архивтерінің қызметкерлерін архив ісін дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар, архив саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Орталық қызметінің негізгі бағыттарымен, Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын ашатын фотоқұжаттық экспозициялармен танысты.