Ғылым күніне орай Ұлттық архивте Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті

2026 жылдың 10 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Ғылым күніне орай «Ғылыми кеңес және архив: құжаттық мұраны зерттеу мен жариялаудың ықпалы» тақырыбында Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында архивтің ғылыми бағытта атқарып жатқан жұмыстары талқыланып, құжаттық мұраны зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және жариялау мәселелері бойынша бірқатар маңызды баяндамалар тыңдалды. Кеңес мүшелеріне архив қорларындағы тарихи құжаттарды зерттеу, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және деректік базаны кеңейту бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды.
Сондай-ақ отырыс барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Ұлттық архив – 20 жыл: ұлт жадының алтын қоры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Алдағы ғылыми жиынның мазмұны, негізгі бағыттары мен ұйымдастыру жұмыстары бойынша ұсыныстар айтылды.
Ғылыми кеңес отырысы архив саласындағы зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуға, тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізуге және ұлттық құжаттық мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң болды.


