Алматылықтар Ираннан әкелінген құжаттардың көрмесіне жоғары қызығушылық танытты

2026 жылғы 29 мамыр күні Алматы қаласының Мемлекеттік архиві ғимаратында «XVIII ғасырдағы Қазақ даласы: Иран архивтеріндегі құнды деректер» көрмесі аясында арнайы мәдени-ғылыми іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының орынбасары Тұрсынгүл Құсайынова Иран архивтерінен алынған құжаттардың тарихи және ғылыми құндылығы туралы кеңінен баяндама жасап, олардың Қазақстан тарихын зерттеудегі маңызына тоқталды.
Сонымен қатар, Жеке тек құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Гауһар Хайруллина келушілерді көрмемен таныстырып, ұсынылған архив құжаттары мен тарихи деректер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Көрме аясында «XVIII ғасырдағы Қазақ даласы: Иран архивтеріндегі құнды деректердің Қазақстан Республикасына әкеліну жолы» атты бейнеролик көрсетіліп, шетел архивтерінен жеткізілген құжаттардың тарихы мен ғылыми айналымға енгізілу барысы таныстырылды.
Іс-шара барысында тарихшы-ғалымдар мен архив саласының мамандары өз пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рыскелді Мырзабекова, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тұрғанжан Төлебаев, сондай-ақ жас зерттеушілер мен архивтану мамандығының студенттері көрменің ғылыми және танымдық маңызына ерекше тоқталды.
Аталған көрме ұлттық тарихымыздың тың деректерін ғылыми айналымға енгізуге, тарихи мұраны кеңінен насихаттауға және тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми бастамалардың бірі болып табылады.
Айта кету керек, бұл көрме осыған дейін Шымкент қаласында және Алматы қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік архивте көрсетілді.


