Ұлттық архивте құпия құжаттарды пайдалану тақырыбында семинар өтті

2026 жылғы 11–12 маусым күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратпен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбында екі күндік семинар өткізілді.
Іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттама жүргізу және архив ісіне жауапты мамандары қатысты.
Семинардың мақсаты – таратылуы шектелген қызметтік ақпаратпен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру, құжаттарды басқару және сақтау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу болды.
Оқу бағдарламасы аясында архив ісі саласындағы нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістер, таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын құжаттармен жұмысты құқықтық реттеу, «ҚБП» белгісімен шектелетін құжаттардың ведомстволық тізбелерін әзірлеу талаптары және қызметтік құжаттаманы басқару қағидалары қарастырылды.
Сондай-ақ қатысушыларға «ҚБП» белгісі бар құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу, істерді қалыптастыру ерекшеліктері, іс қағаздары номенклатурасын әзірлеу және архивтік құжаттарды сақтау талаптары бойынша дәрістер оқылды.
Семинар барысында тыңдаушыларға Ұлттық архивтің негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, архивтік технологиялар мен цифрландыру жұмыстары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, сауалнама толтырды. Семинар бағдарламасын толық меңгерген тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.




