Халықаралық архившілер конгресі қатысушылары Ұлттық архивте болды

«Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресіне қатысу үшін Астана қаласына келген шетелдік архив саласының өкілдері Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне арнайы келіп, мекеме қызметімен танысты.
Қонақтар қатарында Өзбекстан Республикасынан Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «УзАрхив» агенттігінің директоры Улугбек Мирталибович Юсупов пен агенттік директорының кеңесшісі Анваржон Орифжонович Алиев келді.
Кездесу барысында шетелдік әріптестер Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің қызметімен танысып, архив ісін ұйымдастыру, құжаттарды сақтау, есепке алу, цифрландыру және ақпараттық жүйелерді пайдалану бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Ұлттық архив ұжымы қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырып, архив қоймаларын, құжаттарды қалпына келтіру және консервациялау зертханаларын, цифрландыру кабинеттерін және заманауи техникалық мүмкіндіктерді таныстырды.
Кездесу барысында архив саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және архив қорларын цифрлық форматта сақтау бағытындағы жұмыстар назарға ұсынылды.


