Астанада «Архив-2025» кешенді бағдарламасына арналған қорытынды конференция өтті

2025 жылғы 6 қараша күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ұйымдастыруымен «Архив-2025: архивтегі аманат» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция 2020-2025 жылдарға арналған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асырудың қорытынды кезеңіне арналды.
Айта кетейік, жоба аясында шетелдік және отандық архивтерден Қазақстан тарихына қатысты мыңдаған құнды құжаттар жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді. Сонымен қатар, соңғы 5 жылда архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, цифрлық жүйелер енгізілген болатын.
Конференция жұмысына республикалық және облыстық архивтердің басшылары, архив саласының мамандары, тарихшы-ғалымдар, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Шара барысында «Архив-2025» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер талқыланып, бейнероликтер мен көрме материалдары ұсынылды.

Бұл конференция – «Архив-2025» жобасының бес жылдық қорытындысы, сонымен қатар еліміздің архив саласын жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды алаң болды деуге толық негіз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, архив ісінің басты мақсаты – құнды тарихи мұраларды сақтап қана қоймай, оларды заманауи тәсілдер арқылы қоғам игілігіне ұсыну. Ал «Архив-2025: архивтегі аманат» конференциясы осы идеяның нақты көрінісі – архивті цифрландыру, тарихи жадыны сақтау және келер ұрпаққа аманат ету жолындағы жүйелі жұмыстың айғағы болды.

