Сингапур Ұлттық архивінің өкілдері Ұлттық архивтің жұмысымен танысты

Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі аясында Сингапур Ұлттық архивінің делегациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне келді.
Делегация құрамында Сингапур Ұлттық архиві директорының орынбасары әрі аға бас архивисі доктор Фанг Лай Ти, Аудиовизуалды архивтер бөлімінің архивисі Джун Пок және Құжаттаманы басқару бөлімінің архивисі Николь Со болды.
Сапар барысында қонақтар Ұлттық архивтің негізгі қызмет бағыттарымен танысып, архив қорларын сақтау, құжаттарды цифрландыру, электрондық архив жүйелерін дамыту және архивтік мұраны қолжетімді ету мәселелері бойынша пікір алмасты.
Ұлттық архив мамандары делегация мүшелеріне мекеменің инфрақұрылымын таныстырып, реставрация және консервация зертханаларының жұмысын, құжаттарды цифрландыру үдерісін және архив құжаттарын сақтау жүйесін көрсетті. Сондай-ақ тараптар архив ісіндегі заманауи технологияларды енгізу, цифрлық трансформация және халықаралық кәсіби ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысында архив саласындағы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтіліп, болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасу өтті.





