Ұлттық архив қоры Нәзір Төреқұловтың құжаттарымен толықты
10

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Жаппар Жұманмен кездесу өтті.
Кездесу барысында мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметіне қатысты құнды құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің қорына табысталды.
Аталған құжаттардың архивке тапсырылуы – Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві мен «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры арасында бұған дейін қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нақты нәтижесі. Бұл жұмыстар Нәзір Төреқұловтың жеке қорын қалыптастыру және оның тарихи мұрасын ғылыми айналымға енгізу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Кездесу аясында қор президенті Жаппар Жұман Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрлановаға Нәзір Төреқұловтың тарихи мұрасын зерттеу мен насихаттауға қосқан үлесі үшін қордың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне Нәзір Төреқұлов бейнеленген арнайы кілем сыйға тартылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві ұлттық тарихи мұраны сақтау, толықтыру және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы ынтымақтастықты алдағы уақытта да жалғастыра береді.

