Оман Сұлтандығының делегациясы Ұлттық архивте болды

Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» III Халықаралық архившілер конгресі аясында Оман Сұлтандығы Ұлттық құжаттар мен архивтер агенттігінің делегациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивіне келді.
Сапар барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оман Сұлтандығының Ұлттық құжаттар мен архивтер агенттігі арасында тарихи құжаттама және архивтерді басқару саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли және Оман Сұлтандығы Ұлттық құжаттар мен архивтер агенттігінің төрағасы Хамед бин Мұхаммед әл-Дуйани қол қойды.
Оман делегациясының құрамында Агенттік төрағасы кеңсесінің іс үйлестірушісі Закария Яхья Абдуллах әл-Харраси, Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Рая бинт Әмер әл-Хажри, Ұлттық құжаттар мен архивтер басқармасының сапа бөлімінің директоры Аззан Хамис Мұхамед әл-Субхи, Қазақстан Республикасындағы Оман Сұлтандығының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Абдуллах Салех әл-Бахрани және Елшінің орынбасары Талал Хамед Саид әл-Яқуби болды.
Кездесу барысында қонақтар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің қызметімен танысып, архив ісін ұйымдастыру, құжаттарды сақтау, қалпына келтіру, цифрландыру және заманауи архивтік технологияларды қолдану бағыттары бойынша пікір алмасты. Ұлттық архив ұжымы делегация мүшелеріне арнайы экскурсия ұйымдастырып, реставрация және консервация зертханаларын, цифрландыру кабинеттерін және архивтің материалдық-техникалық базасын таныстырды.
Тараптар архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы өзара байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.


