Астанада архив ісін цифрландырудың өзекті мәселелері талқыланды

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында «Digital Archive. Парадигманың өзгеруі» атты пленарлық сессия өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан, Жапония, Корея Республикасы, Польша, АҚШ және Ұлыбританиядан келген жетекші сарапшылар архив саласын цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, архивтік деректердің цифрлық экономикадағы рөлі және архивтердің болашағы мәселелерін талқылады.
Пленарлық отырыста архив қорларын цифрландыру қарқыны, жасанды интеллект жүйелерін оқытуда архивтік деректерді пайдалану, цифрлық архивтердің білім беру саласындағы мүмкіндіктері мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен сөз болды.
Аталған халықаралық деңгейдегі іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві директорының міндетін атқарушы Сәуле Мушкенова мен директордың орынбасары Тұрсынгүл Құсайынова қатысып, архив ісін дамыту және цифрлық трансформация бағытындағы тәжірибе алмасу алаңында болды.
Конгресс аясында көтерілген мәселелер архивтердің тарихи мұраны сақтаумен қатар, цифрлық қоғамның маңызды инфрақұрылымдық институтына айналып келе жатқанын көрсетті. Сарапшылар жасанды интеллект технологияларын қолдану барысында кәсіби бақылау мен архивтік деректердің сенімділігін қамтамасыз ету басты қағидат болып қала беретінін атап өтті.

