Ғалым мұрасы Ұлттық архив қорын толықтырды

2026 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Ғани Қарасаевтың жеке қорының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Ғани Қарасаев – Қазақстан тарихын, соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Алтай өңірінің тарихын терең зерттеген көрнекті тарихшы. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерімен де танымал. Ғалым 300-ден астам ғылыми еңбек пен көптеген монографиялардың авторы.
Салтанатты шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, әріптестері мен шәкірттері қатысып, Ғани Қарасаевтың отандық ғылымға қосқан үлесі мен ғылыми мұрасының маңызы туралы пікірлерін білдірді.
Шара аясында келушілерге ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне арналған фотоқұжаттық көрме ұсынылды. Көрмеде ғылыми-зерттеу қызметі мен қоғамдық өмірін айшықтайтын құнды архивтік материалдар қойылды.
Ғани Қарасаевтың жеке қоры Ұлттық архив қорын толықтырып, болашақ зерттеушілер үшін маңызды дереккөздердің біріне айналмақ.





