Ұлттық архивте архив ісін цифрландыру мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 2026 жылғы 19–21 мамыр аралығында ұйымдастырған «Мәдениет және инновация» республикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві алаңында архив саласына арналған арнайы сессия өтті.
Сессия барысында архив ісін цифрландыру, мәдени мұраны сақтау, аудиовизуалды құжаттардың маңыздылығы және жасанды интеллект дәуіріндегі деректердің құндылығы мәселелері талқыланды.
Баяндамашылар қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің Архивтік технологиялар және цифрландыру бөлімінің басшысы Еркін Жаңабеков архивтерді цифрландыру және ақпаратқа тиімді қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ директорының орынбасары Шынар Сарыбаева, аталған архивтің бас қор сақтаушысы Юлия Волчкова, «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ директоры Баян Жуматаева, құжаттарды пайдалану және ақпарат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадина Абдразах және AI system architect Максат Бекес өз салалары бойынша баяндамалар жасап, архив ісіндегі заманауи технологиялар мен цифрлық трансформация мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, архив саласын дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер мен бастамаларды талқылады.

